- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Құшақтасудың да өз жөні бар»: Президент көтерген амандасу әдебі туралы зиялы қауым не дейді?
«Құшақтасудың да өз жөні бар»: Президент көтерген амандасу әдебі туралы зиялы қауым не дейді?
Қаламгерлер қазақтың дәстүрлі амандасу әдебіне қайта мән беріп, сәлемдесудің ұлттық болмысқа сай жолдарын дәріптеу қажет деп санайды.
24 Тамыз 2026, 08:35
Құрылтай депутаттарын сайлау күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қоғамдағы амандасу әдебіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысының бұл сөзі қоғамда талқыланып, зиялы қауым өкілдері де өз көзқарастарын ортаға салды.
Қаламгерлердің пікірінше, амандасу – жай ғана күнделікті әрекет емес, халықтың мәдениеті мен тәрбиесін, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті білдіретін дәстүр. Ал құшақтасып, бет түйістіріп амандасудың да өз орны мен жөні болуы керек.
«Күнделікті құшақтасу – қазақтың дәстүрі емес»
Қаламгер-журналист Мереке Құлкенов Президенттің сөзі көптен бері ойында жүрген мәселені қозғағанын айтады. Оның пікірінше, қазақтың дәстүрлі амандасу әдебінде адамның жасына, жынысына және үлкен-кішілігіне қарай қалыптасқан өзіндік жөн-жосық болған.

«Бүгінгі Құрылтай сайлауында Президент дауыс беріп шыққаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сол сұхбаттағы бір мәселе мені қатты ойландырды. Ол – өзіміздің амандасу дәстүріміз. Шынында да, қазақ бір-бірімен қол беріп амандасқан. Жасы кіші адамдар үлкен кісілерге «Ассалаумағалейкүм» деп, иіліп, қолын кеудесіне қойып сәлем берген. Қыз балалар үлкендерге ізет білдіріп, келіндер алыстан сәлем салған. Міне, бұл – біздің дәстүріміз. Ал қазір жасы ма, қария ма, қыз ба, қарындас па – бәрі келіп құшақтасып амандаса береді. Кейде бұл ыңғайсыз көрінеді. Президентіміз осы мәселені дер кезінде айтып отыр деп ойлаймын. Біз ата-бабамыздан қалған амандасу дәстүрін қайта жаңғыртуымыз керек», – дейді Мереке Құлкенов.
Оның айтуынша, қазақ дәстүрінде құшақтасып көрісудің де өзіндік орны болған. Оны күнделікті сәлемдесумен шатастырмаған жөн.
«Қазақ бұрын да құшақтасқан. Бірақ алыста жүрген, айлап немесе жылдап елін көрмеген адам туған жеріне, үйіне оралғанда ең жақын адамдарымен құшақтасып амандасқан. Бұл – басқа нәрсе. Бұл күнделікті амандасу емес, сағыныштан туған қауышу. Адамдар бірін-бірі қатты сағынғандықтан құшақтасқан. Сондықтан оның да өз реті бар. Біз кейде өзімізге қатысы жоқ мәдениеттерден келген дүниелерді тез қабылдап кетеміз. Бір-бірімен сүйісіп, орынсыз құшақтасып амандасу сырттан қараған адамға да ыңғайсыз көрінуі мүмкін. Президенттің осы сөзі мені қатты ойландырды. Қазақ қоғамы да бұл мәселеге мән беріп, амандасу мәдениетіне қайта қарайды деп ойлаймын», – деді қаламгер.
«Ата-баба дәстүріне қарай бет бұруымыз керек»
Ақын Ғалым Қалибекұлы да Мемлекет басшысы көтерген мәселе көпшіліктің көкейінде жүргенін айтады. Оның пікірінше, амандасу кезінде құрмет пен ізетті бірінші орынға қойған жөн.

«Бүгін Құрылтай сайлауында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дауыс берген кезде сәлемдесудің жөн-жосығы туралы жақсы ой айтты. Бұл, негізінде, бәріміздің көкейімізде жүрген нәрсе. Біз діни мемлекет емеспіз, зайырлы мемлекетпіз. Дегенмен мұсылман қауымында «Ассалаумағалейкүм» деп сәлемдесу дәстүрі бар. Оның мағынасы – «Алланың сәлемі болсын» деген сөз. Ал бізде қазір ер адамдардың бір-бірімен, ер мен әйелдің құшақтасып, бет түйістіріп амандасып жататынын көреміз. Дос болсын, қарындас болсын, мұның да белгілі бір жөн-жосығы болғаны дұрыс», – дейді ақын.
Ол қазақтың дәстүрлі сәлемдесуінде ізет пен құрметке ерекше мән берілгенін атап өтті.
«Бізге ата-бабамыздан келе жатқан амандасудың дұрыс жолдары бар. Мысалы, қолымызды кеудемізге қойып, иіліп ізет білдіру. Әйел адамға да бас иіп сәлем беру – үлкен құрмет пен ізеттің белгісі. Бұл – салауатты дүние. Өзгермейтін нәрсе жоқ, бірақ біз байырғы ата-бабамыздың дәстүріне қарай бет бұруымыз керек. Сол дәстүрге құрметпен қарап, салтымызды сақтай білу қажет. Сондықтан Президенттің бүгін айтқан ойын жақсы бастама деп санаймын», – деді Ғалым Қалибекұлы.
Әдебиеттанушы Қансейіт Әбдезұлы Президент сұхбатында айтылған амандасу дәстүріне қатысты пікірді қолдайтынын жеткізді.
«Президентіміздің бүгінгі сұхбатында айтылған ой-пікірлерге, ұсыныстар мен толғамдарға толық қосыламын. Бүгінгі сайлау, еліміздің болашағы туралы айтылған пікірлердің барлығы маңызды. Соның ішінде өзіміздің сәлемдесу дәстүріміз, амандасу, ата-бабамыздан келе жатқан жолымыз, амандық-саулық сұрасуымыз туралы айтылған ойларға ерекше назар аудардым. Президенттің бүгінгі сұхбаты мені қатты ойландырды. Амандасу мәдениетіне қатысты айтылған пікірін толық қолдаймын», – деді әдебиеттанушы.
«Амандасудың да өзіндік әдебі бар»
Ақын, драматург Нұрлан Оразалин амандасуды адамдар арасындағы құрмет пен ықыластың көрінісі деп бағалайды. Оның айтуынша, қазақ қоғамында амандасуға да, көрісіп-қауышуға да ежелден ерекше мән берілген.

«Адамзат баласының бір-бірімен амандасуы – адамға тән, адамға жарасатын қарым-қатынастың, бір-біріне деген құрметтің белгісі. Сондықтан амандасу – адамның адамға деген құрметінің, ықыласының көрінісі. Қазақта амандасуға, жақын адамдардың көрісуіне ерекше мән берілген. Адамдар кездескен кезде қол береді, ықыласпен амандықтарын білдіреді, хал-жағдайын сұрайды. Қазақтың дәстүрлі қоғамында, әсіресе Наурыз мерекесі қарсаңында Көрісу күні бар. Көрісу – шын ниетпен елге, жерге амандық тілеп, жақсы тілек білдіруден туған дәстүр. Сондықтан осы жердегі ара-жікті анық ажыратып алуымыз керек», – дейді Нұрлан Оразалин.
Оның пікірінше, кейінгі жылдары сәлемдесу мәдениетінде қазақтың дәстүрлі болмысына үйлесе бермейтін әрекеттер де қалыптаса бастаған.
«Кейінгі жылдары кейбір дүние қатты өзгеріп кетті. Жігіт пен жігіттің құшақтасып, сүйісіп жатуы, қыздардың ер адамдармен құшақтасып, сүйісіп амандасуы – мұның бәрі адамға қаншалықты жарасымды деген сұрақ туғызады. Осы тұрғыдан алғанда, Президент бүгінгі сайлау кезінде берген сұхбатында ұлттық болмысымызға, рухани келбетімізге жат кейбір әрекеттерге қатысты ойын айтты. Амандасу керек пе? Әрине, керек. Қол беріп амандасайық, бір-бірімізге ықыласпен сәлем берейік. Ал көрісудің, құшақтасудың да өз реті, өз жөні бар», – деді ақын.
Нұрлан Оразалин амандасу әдебіне қатысты әңгімені тек қазақ қоғамына тән мәселе ретінде қарастырмау керектігін айтады.
«Кейбір нәрселердің мәні бұрмаланып кетті. Тіпті Наурызда да бір-бірімен көріскен кезде құшақтасып, сүйісіп жатады. Қай жерде, қандай қарым-қатынаста болсын, оның өз жөні бар. Бұл жалғыз бізге ғана емес, бүкіл әлем халықтарына тән мәселе. Амандасудың да өзіндік әдебі бар. Біз сол әдептің жолынан шығып бара жатқандаймыз. Сондықтан Қазақстан қоғамы бұл мәселені белгілі бір дұрыс арнаға түсіріп, тағылымды, тәрбиелі, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын дәстүрге айналдыра білуі керек. Президентіміз осыған қатысты ойын нақты айтты. Менің де бұл мәселеге байланысты ой-толғамым осы», – деді Нұрлан Оразалин.
Қаламгерлердің пікірінен аңғарылғандай, амандасу әдебі – тек сәлем беру формасына қатысты мәселе емес. Ол үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамдар арасындағы қарым-қатынас және ұлттық мәдениетпен сабақтасып жатқан ұғым. Ал құшақтасып көрісу мен күнделікті амандасудың ара-жігін ажырату дәстүрдің мәнін сақтауға мүмкіндік береді.
Ең оқылған:
- Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында алғашқы ойынын өткізді
- Алатау қаласында Құрылтай сайлауына келген отбасы гендер-пати ұйымдастырды
- +42°C-қа дейін ыстық: Синоптиктер ескерту жасады
- «Лауазым мен атақ есіктің сыртында қалады»: Асхат Аймағамбетов отбасымен бірге дауыс берді
- 23 тамызда бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
Мақпал ОРЫНБЕК