Отандық конструкциялық болат еуростандарттың 2019 жылдағы EN 10025 талаптарына сәйкес келіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ ғалымдары елімізде қолданылып жүрген конструкциялық болаттың 7 түрінің химиялық құрамын анықтауға байланысты ғылыми зерттеудің кезекті кезеңін аяқтады.
Бұл зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, отандық конструкциялық болат еуростандарттың 2019 жылдағы EN 10025 талаптарына сәйкес келіп отыр. Айталық, көміртегінің мөлшері жағынан оның еуропалық стандарттан айырмашылығы – 14%. Темірдің бұл балқымасы төмен температура жағдайында созылмалы элементтердің бұзылуына жол бермеу үшін өте берік болуға тиіс. Оның беріктігін сынау мақсатында 126 үлгісі дайындалыпты.
Бұл ретте сынақ жұмыстары ҚР СТ және ЕN СТ әдістемесіне сәйкес +20, -20, -40 градус деңгейінде жүргізілгенін айта кеткен орынды. Материалдардың соққыға төзімділігі KCU, KCV бойынша анықталды. Осы арқылы елімізде құрылыс индустриясында қолданылып жүрген конструкциялық болаттың төмен температуралардағы аса төзімділігі дәлелденді.
Зерттеудің негізгі нәтижелерін тіркеу мақсатында Scopus журналына Hardness specification of structural steel used in the Republic of Kazakhstan мақаласы (авторлары: B.Kulbayev, V.Lapin, T.Tuleyev, S.Aldakhov, Y.Aldakhov, A.Ali) дайындалды. Әдеби өңдеуден өткен ғылыми мақала E3S Web of Conferences франциялық журналына (Scopus библиометриялық базасында индекстелген) қабылданып, жарияланатын болады.