Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелерді Парламент тыңдауында қарауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жуырда ғана Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы еліміздің рухани идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек. – деп айтты спикер.
Қошанов бүгінгі депутаттық сауалдар Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіне көрсетілген нағыз қуатты қолдау болғанын айтты. Оның сөзінше, аталған мәселелер Парламенттің ресми мінберінен көтеріліп, нақты іске асырылады.
Яғни олардың негізінде Парламент бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Мәселен, бүгін біз лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасын жұмысқа алдық. Бұл құжат депутаттардың бастамашылығымен әзірленді. Оны осы сессияның соңына дейін қабылдауымыз қажет. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы. Соңғы кездері есірткі саудасы өзекті әлеуметтік проблемаға айналып келеді. Депутаттар осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс. Есірткі өндірісімен айналысқаны үшін жауапкершілікті күшейтіп, оны аса ауыр қылмыстармен теңестіруіміз қажет, - деп түсіндірді ол.
Қошанов вандализм мәселесіне де тоқталды. Мәжіліс спикерінің сөзінше, оның да кез келген түрі үшін жауаптылықты заңнама деңгейінде қатайту керек.
Дін мәселесі де аса өзекті. Осы саланы реттеудің құқықтық негізін дәстүрлі әдет-ғұрпымыз бен құндылықтарымызға, зайырлы мемлекет қағидаттарына сүйене отырып, қайта қарауымыз қажет. Сонымен қоса археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы күтіп тұр. Мәселен, кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан Герб мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі. Қолданыстағы Гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа Президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша Герб мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр. Бұл ретте жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажет, - деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасының сөзінше, біздің Герб – сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, 4 халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс.
Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе. Әріптестер, Президент белгілеп берген бағыт-бағдар бәріңізге түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізуіміз қажет деп санаймын. Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсат-міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек, - деп атап өтті ол.