Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Құрылтай депутаттарына министрлерді қызметтен босату өкілеттігі берілуі мүмкін

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 11:54
153
Бөлісу:
 t.me/bort_01
Фото: t.me/bort_01

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа аясында Құрылтайға берілетін өкілеттіктер мен оның жұмыс тәртібіне қатысты ұсыныстарды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылтай ҚР Президентінің ұсынысымен ҚР Жоғары сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды. Құрылтайға Конституциялық сот судьяларын, Жоғары сот судьяларын және ҚР Бас прокурорының ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарын тиіспеушіліктен айыру мәселелерін шешу өкілеті берілмек.

Конституциядағы Мәжілістің көпшіліктің даусымен Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығын Құрылтайға беру ұсынылып отыр. ҚР Конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын және жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдау мәселесі де өзгеріссіз қалдыру ұсынылады, - дейді сенатор.

Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау, бекіту Құрылтай құзыретінде болмақ. Құрылтайдың бұл есепті бекітпеуі Үкіметке сенімсіздік білдіретінін көрсетеді.

Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен ҚР Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есебін тыңдауы, республика заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдаудың қорытындысы бойынша ҚР Президентіне Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы мәлімдеме қабылдау құқықтары тиісті жекелеген нормада нақтыланды. Мұндай жағдайда ҚР Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады, - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Құрылтай төрағасы екі тілді де жеттік меңгеруге тиіс екенін айтады.

Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны ҚР Президенті ұсынады, - деді ол.

Бұған дейін Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында Ата заңға жемқорлардың сайлану құқығын шектейтін норма енгізуді ұсынды. Сөзінше, жемқорлар енді сайлауға қатыса алмайды.

Сондай-ақ, депутат қандай жағдайда Құрылтай депутаты мандатынан айырылатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы