Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған күй кеші өтеді

29 Маусым 2023, 18:09
2369
Бөлісу:
Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған күй кеші өтеді
Фото: Арман Мухатов - архив

2023 жылдың 30 маусым күні сағат 11:00-де ҚР Ұлттық музейінде күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Күй – құдірет» атты күй кеші өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеш мақсаты – күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, қазақтың баға жетпес мұрасына айналған күйлерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беруіне ықпал ету.

Аталмыш іс-шараға № 1 өнер мектебі мұғалімдері мен оқушылары қатысып, Құрманғазы күйлерін орындайды. Атақты композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанғали Жүзбай, ақын Маржан Ершу қатысып күйші және күй тағдыры туралы ойларымен бөлісіп, күй шертеді.

Сонымен қатар Ұлттық музей қорында сақталған өте құнды жәдігерлердің бірі, белгілі музыка зерттеушілері мен өнер иелері К. Әзірбаев, Б. Сарыбаев, Ә. Нұршайықов, Ж. Елебеков ұстаған домбыралары көрермен назарына ұсынылады.

Құрманғазы сахараның дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Бүгінде әр сахна мен әр шаңырақта ойналатын «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» сияқты көптеген күйлердің авторы. Құрманғазы тек күйші, өнерпаз, композитор, домбырашы ғана емес ол азаттықтың жаршысы. Ұлы даланың еркін баласы ұлтының бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп өскен. Күйлерінде сол еркіндікті аңсаудың өрелі өрнегін көреміз. Халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының есею кезеңі патша үкіметіне қарсы бас көтерген Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісі тұсымен тұспа тұс келген. Сол көтерілістің кезінде шамамен 15 жаста болған Құрманғазы ең алғаш туындыларының бірі «Кішкентай» атты күйді осы ұлт азаттық көтеріліске арнап шығарған. Құрманғазы Сағырбайұлының табиғи таланты қос ішекті домбыраны күмбірлетіп сөйлетудегі орындау шеберлігі тыңдаған адамды баурап алады.

Өзгелердің жаңалығы