Құрлықтағы ең ұзын шекараның заңдастырылғанына 20 жыл толды

Бөлісу:
Құрлықтағы ең ұзын шекараның заңдастырылғанына 20 жыл толды
Фото: Архив BAQ.KZ

18 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара 2005 жылы делимитацияланды, яғни картада шекара сызығы нақты анықталып, екі тарап келісімге қол қойды. Бұл келісім 2006 жылдың қаңтарында күшіне енді.

Бұл тарихи құжатқа қол қою шекараны межелеу кезеңінің аяқталуын және тұрақты, тату көршілік қатынастарға көшуді білдіретін маңызды оқиға болды. Және де бұл құжат посткеңестік кеңістіктегі аумақтық тұтастық пен достық ынтымақтастық мәселелерін бейбіт және сындарлы шешудің үлгісін көрсетті.

Мемлекеттік шекара мәселесі кез келген тәуелсіз мемлекет үшін аса маңызды мәселе болып табылады. Нақты белгіленген және халықаралық деңгейде танылған шекаралар – бұл болашақта аумақтық даулардың туындауының алғышарттарын жоюға мүмкіндік беретін ел қауіпсіздігінің негізі. 

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара толығымен белгіленгенін, ал тиісті шартты екі елдің парламенттері ратификациялағанын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелгенін атап өтті. Бұл аумақтық талаптарды жоққа шығарады және әр түрлі интеграциялық форматтардағы достыққа, сенімге және ынтымақтастыққа негізделген екіжақты қатынастардың тұрақтылығын растайды.

Бұл шарттың бірегейлігі оның екі мемлекет – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ресми шекараны бекітіп қана қоймай, сонымен қатар әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасын (7 548 шақырым) ресімдеуінде жатыр. Қазақстан мен Ресей ұзындығы осыншама шекараны белгілеуді бейбіт, жылдам әрі тиімді аяқтай отырып, әлемдік прецедент орнатты.

Айта кету керек, 7548 шақырымдық әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасын ресми түрде ресімдеу барысында мемлекеттер арасында ешқашан шекаралық қақтығыстар болған емес. Бұл өзара сенімнің, сыйластықтың және бейбіт қатар өмір сүруге деген адалдықтың жоғары деңгейін көрсетеді. 

Ресей – аймақтағы маңызды геосаяси ойыншы, оны елемеу мүмкін емес. Қазақстан мен Ресей бірқатар одақтардың мүшесі және өзара іс-қимылдан бас тарту елдің барлық трансшекаралық байланыстарының бұзылуына қауіп төндіреді. Әлемдік қысым жағдайында Қазақстан, ең алдымен, өзінің мемлекеттік және ұлттық мүдделерін басшылыққа алуы тиіс. Геосаяси жағдайда бейтараптықты сақтай отырып және Ресеймен сауда қатынастарын дамыта отырып, Қазақстан, бірінші кезекте, өз халқының мүдделеріне қамқорлық жасайды.

Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салаларда ауқымды бірлескен қызметті жүзеге асырады. Ең маңызды жобалардың қатарында Қазақстанда үш ЖЭО құрылысының басталуын, Екібастұз ГРЭС-ін жаңғыртуды, сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірлерін газдандыру, оңтүстік және шығыс бағыттағы Ресей энергоресурстары транзитінің көлемін ұлғайту жөніндегі ауқымды бастамаларды атап өтуге болады.

Саясаттанушы, профессор, PhD докторы Әйгерім Оспанованың айтуынша, екі ел арасындағы шекараларды белгілеу және бөлу халықаралық қатынастар, экономикалық ынтымақтастық және мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл үшін ұзақ мерзімді салдары бар өте маңызды процесс болып табылады. Қазақстан мен Ресей жағдайында шекараны делимитациялау туралы келісімге қол қою посткеңестік геосаяси кеңістікті қалыптастырудағы шешуші сәт болды. Оның үстіне, бұл бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауы және жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы жағдайында туындауы мүмкін аумақтық даулардың алдын алғандықтан, әрине, дұрыс шешім болды.

Құрлықтағы ең ұзын шекараның заңдастырылғанына 20 жыл толды

Жеке мұрағаттан

Жалпы алғанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараларды делимитациялау мемлекетаралық қатынастардағы тұрақтылық пен болжамдылық үшін маңызды болып табылатын құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді, көптеген әлеуетті қақтығыс көздерін жойып, экономикалық қатынастардың тұрақты дамуы үшін алғышарттар жасайды. Бұл, әсіресе, шекарасы кең, табиғи ресурстары қомақты Қазақстан мен Ресей сияқты ірі елдер үшін өте маңызды.

Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан демаркация процесі Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараларды делимитациялаудың қисынды әрі қажетті жалғасы болып табылады. Демаркация сонымен қатар бір елдің аумағы қай жерде аяқталып, екінші елдің аумағы басталатынын нақты және сөзсіз анықтауға мүмкіндік беру арқылы әрбір елдің егемендік мүдделерін қорғауға қызмет етеді. Бұл заңсыз көші-қон мен контрабандаға қарсы күрес сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында әсіресе маңызды. Сонымен қатар, нақты анықталған шекаралар экономикалық қарым-қатынастардың дамуына ықпал етеді, өйткені олар инвесторлардың ынтасын түсіретін және трансшекаралық ынтымақтастықты қиындататын құқықтық белгісіздікті жояды. Мысалы, 2010 жылы Ақтөбе мен Орынбор облыстары арасындағы шекараның солтүстік учаскелерін демаркациялау басталды, бұл қылмыс пен заңсыз көші-қонға қарсы күресте маңызды болып табылатын өткелдер мен шекарадан өтуді тиімдірек бақылауға мүмкіндік берді- дейді саясаттанушы.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараларды демаркациялау процесі кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жалғасуда. Міндеттің ауқымдылығы мен күрделілігіне қарамастан, екі жақ та консенсусқа қол жеткізуге және барлық қажетті рәсімдерді жүзеге асыруға дайын екенін көрсетуде.  Процестің ұзаққа созылған сипатына қарамастан, бұл екі елдің сыртқы саясатындағы басымдық болып қала беретінін атап өткен жөн, бұл олардың шекараға қатысты барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешуге ұмтылысын растайды.

Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасын стратегиялық маңызды және көп қырлы деп сипаттауға болады. Екі ел географиялық жақындыққа, ортақ тарихқа, тығыз экономикалық интеграцияға және ЕАЭО және ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдарға бірлесіп қатысуға негізделген.

Қазақстан мен Ресей тұрақты саяси диалогты сақтауда. 2024 жылғы 22 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Болашақ ойындарына», ал 24 қазанда Қазан қаласында БРИКС пленарлық отырысына барды. 8 қазанда Мемлекет басшысы Мәскеуде жұмыс сапарымен болып қайтты. 3-4 шілдеде Ресей Президенті В.Путин ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. 2024 жылғы 27 қарашада Ресей Президенті В.Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер елдердің өзара түсіністікті нығайтуға ұмтылатынын көрсетеді – дейді Оспанова.

Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады және тауар айналымының маңызды бөлігі ЕАЭО арқасында жүзеге асырылады. Осылайша, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 20 миллиард доллардан асты.

Терең мәдени-ағартушылық байланыстар да қарым-қатынастың маңызды элементі болып қала береді. Білім беру бағдарламалары, студенттер алмасу және бірлескен ғылыми жобалар бұл саланы нығайтады.

ҰҚШҰ және екіжақты ынтымақтастық аясындағы бірлескен күш-жігер аймақтық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Дегенмен, жаһандық геосаясаттағы өзгерістер ықтимал тәуекелдерді барынша азайту үшін икемді көзқарасты талап етеді.

Осылайша, қарым-қатынастардың қазіргі деңгейін айтарлықтай жоғары деп санауға болады, бірақ оны әлі де жақсартуға жұмыс істеу керек. Экономикалық қатынастар үлкен тепе-теңдікті және бірлескен жоғары технологиялық жобаларды дамытуды қажет етеді. Саяси диалог екі тараптың да мүдделерін, әсіресе Қазақстанның көпвекторлы саясаты жағдайында ескерулі тиіс.

Әйгерім Оспанованың пайымдауынша, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін келесі қадамдар қажет:

– бірлескен инновациялық жобалар мен шикізаттық емес салаларды дамыту арқылы экономикалық интеграцияны тереңдету;

– сауда және логистика тиімділігін арттыру үшін инфрақұрылымды дамыту;

– азаматтар арасындағы өзара сенімді нығайту үшін қоғамдық дипломатияны ілгерілету;

– ұлттық егемендікті сақтау және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі ретінде тең құқылы серіктестікке жәрдемдесу.

Осыған сүйене отырып, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жақсы деңгейде, бірақ оны одан әрі нығайту икемділікті, теңгерімді көзқарасты және ұзақ мерзімді мүдделерге назар аударуды талап етеді.

Біздің елдеріміздің одан әрі ынтымақтастығының болашағы өте оптимистік болып қала береді деп сеніммен айта аламын. Бізде Ресеймен ортақ шекара мен ортақ нарық қана емес, сонымен қатар тоғысқан экономикалық және мәдени мүдделер бар, бұл өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету үшін берік негіз жасайды. Сауда процедураларын жеңілдетуге, тауар айналымын арттыруға және инвестиция тартуға ықпал ететін Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО-ға қатысуы ерекше маңызды болып қала береді – дейді сарапшы.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты жалғастыру үшін бірнеше негізгі бағыттарға назар аудару қажет. Біріншіден, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды. Энергетика, инфрақұрылым және көлік сияқты салаларда бар бірлескен жобаларды күшейтіп, жаңа жобаларды бастау керек. 

Екіншіден, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту қажет. Мәдени күндерді, білім беру бағдарламаларын және ғылыми алмасуларды ұдайы өткізу халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді қарым-қатынасқа ықпал етеді. Қазақстан мен Ресей университеттері арасындағы студенттер алмасу бағдарламалары мен бірлескен білім беру жобалары екі жақты қарым-қатынасымызды нығайта түсетін мамандардың жаңа буынын дамытуға көмектеседі.

Осылайша, біздің Ресеймен болашақ қарым-қатынасымыз өзара құрмет, стратегиялық серіктестік және негізгі салалардағы ортақ мүдделер негізінде құрылатын болады. Бұл шаралар біздің елдеріміздің тұрақтылығын, өркендеуін және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, олардың өңірлік және халықаралық аренадағы сенімді серіктес ретіндегі ұстанымдарын нығайтады.

Өзгелердің жаңалығы