Қарулы күштерде жауынгерлік даярлықтың маңызды кезеңі саналатын бөлімшелер, экипаждар мен есептоптарды үйлестіру аяқталуға жақын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әскери қызметшілерді оқыту кезеңі жауынгерлік оқ атумен жаттығуымен аяқталады. Олардың 30%-ы түнгі уақытта ұйымдастырылады.
Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу полигондарындағы практикалық сабақтар взвод командирлерінің басшылығымен өтеді. Олар бөлімшелерді, экипаждар мен есептоптарды дайындауға жауапты. Взвод командирлерінің бастамасымен жеке құрам далалық дағдысын жетілдіріп, кіші командирлер бөлімшені басқару дағдыларын арттырады. Сондай-ақ әртүрлі ұрыс түрлерінде бөлімшелердің атысын басқаруды үйреніп, қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын да қадағалайды.
Жауынгерлік оқу атулар – тактикалық дайындықтың нағыз қызған шағы, бөлімшелердің жауынгерлік үйлестіруі мен атыс дағдысының соңғы кезеңі. Жауынгерлік оқ атулар барысында жеке құрам өзара іс-қимыл жасауды, штаттық қаруды тиімді қолдануды, жауынгерлік жағдайда оны шебер басқаруды үйренеді, – деп атап өтті Бас қолбасшының орынбасары – Қарулы күштері Құрлық әскерлері жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы генерал-майор Нұрлан Алдияров.
Жауынгерлік оқ атулар қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың талдауын ескере отырып жүргізіледі. Оларды жүзеге асыру үшін бөлімшелердің штаттық қару-жарағының барлық түрінен жердегі және әуедегі нысаналарға оқ атуды көздеуге жағдай жасалады.
Осы кезеңде бөлімшелердің барлығы 500-дің үстінде жауынгерлік атысын өткізу жоспарланған. Сабақтардың тақырыбы мен уақытын жауынгерлік даярлық бағдарламасына сүйене отырып, рота командирлері анықтайтын болады.