Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз турын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Академия 2015 жылы 4 мамырда құрылған. Академияға 4 негізгі міндет жүктелген. Бірінші, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, екінші, құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру және жүргізу, үшінші, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру, төртіншіден, 2020 жылдан бастап Академияға құқық қорғау органдарына алғаш рет қызметке тұрған адамдарды бастапқы кәсіби даярлау функциясы жүктелген.
2015 жылдан бастап Академия қабырғасында құқық қорғау органдарының 12 мыңнан астам қызметкері біліктілігін арттырудан және қайта даярлаудан өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында академияның жұмысымен толықтай танысу үшін пресс-тур өтті.
Сіздердің әрқайсыңыз жауапты және құрметті миссияны орындап жүрсіздер. Қызметтің парызы бойынша әрқашан оқиғалардың ошағында болып, елдегі маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жариялаудасыздар. Біз сіздердің қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін қызмет ететін еңбектеріңіз бен кәсібиліктеріңізді жоғары бағалаймыз,-деді Академия ректоры Марат Сексембаев.
Сондай-ақ, журналистерді келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, арнайы алғыс хат табыстады.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Журналистика қоғамның ақпараттық өрісінің сапасы мен мазмұны тікелей ықпал ететін бірегей әрі күрделі мамандық. Журналистика саласында жұмыс істеу үлкен мәртебе және жоғары жауапкершілік. Мамандыққа деген адалдық пен қызметтегі жоғары кәсібиліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге шын жүректен шабыт, шығармашылық ізденіс, жаңа идеялар мен тың жобаларды табысты іске асыруды тілеймін,- деді Академия ректоры Марат Сексембаев.
Марапаттау сәтінен кейін академияның оқыту кабинеттерін аралап, таныстық. Академияда біліктілікті арттыру курстарынан жаңадан келген қызметкерлер де, құқық қорғау блогының тәжірибелі өкілдері де өтеді.
2016 жылдан бастап «Президенттік курстан» прокуратура, ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметінің 108 басшысы біліктілігін арттырудан өткен. Олардың 29-ы жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалған.
Академияда арнайы 3 институт бар.
Кәсіптік оқыту институты құқық қорғау қызметіне кандидаттарды алғашқы кәсіптік даярлауды, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін оның ішінде Президенттік резервте тұрғандарды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асырады.
Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты еліміздің Президентінің тапсырмасымен құрылған. Бірыңғай құқық қолдану практикасын қалыптастыру, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында құқық қорғау органдарының ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіруге арналған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімді іске асыруды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты жүзеге асырады.
Академияда арнайы сот залы, спорт залы, сондай-ақ психологиялық көмек кабинеті, кітапхана залдары бар.