Құны бір миллион теңгеден асатын отаны науқасқа МӘМС тегін жасады

30 Маусым 2022, 02:30
1321
Бөлісу:
Құны бір миллион теңгеден асатын отаны науқасқа МӘМС тегін жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО дәрігерлері 64 жастағы науқастың  тізе буындарына эндопротез  орнатып,  20 жылдан бері мазалаған сырқатынан құтқарды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетерлігі, құны шамамен бір миллион теңгеден асатын бұл ота пациентке МӘМС жүйесінде тегін жасалған. 

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Әуезов ауылының 64 жастағы тұрғыны Күлімхан Қонаеваның тізе буыны сырқаттанғанына 20 жыл болды. Ол кезде жас, күш-қуаты мол болған соң ауруға көп мән бермеген. Үй шаруашылығымен, бау-бақшамен айналысып, тыным таппайтын.

Мен бір орында отырмайтынмын, үнемі қозғалыста болдым. Тізедегі ауырсыну бір күшейіп, бір басылатын. Сондықтан болар дәрігерге баруға асықпадым. Жылдар өте тізе көбірек ауыра бастады, соңғы 5-6 жылда сол жақ тізем тіпті бүгілмей қалды. 2018 жылы дәрігерлер ота жасау қажет екенін айтып, порталға қойды. Бірақ ойланып-ойланып, жүрексініп жүрдім. Қазақша айтқанда «пышаққа түсуге» қатты қорықтым және соңғы сәтте отадан бас тарттым, - деп есіне алады науқас.

Жүре келе аяқтың, тізенің ауыруы жанға бата бастады. Күлiмхан Құрманғалиқызына таяқпен жүруге тура келдi, ал көлiкпен жүру ол үшiн тіпті үлкен сынаққа айналды.

Аяғым қақсап, жанға батып, маза бермеді. Бір орында тұрып, ұзақ жүре алмадым, отырған жерімнен тұру қиын болды. Оның үстіне, 93 келі салмағым бар, қозғалуым тіпті күрделене түсті. Менің бұл жағдайымды көрген балаларым ота жасатуға көндірді. Олардың барлығы елордада тұрады. Мұнда МӘМС бойынша тізеге тегін ота жасайтын ғылыми орталық барын айтты. Енді, міне, жарты жылдан кейін мен осы керемет дәрігерлердің қолына түстім. Операцияға келісім бергеніме өкінбеймін, бұрын көмек сұрамағаныма, сонша жыл қиналғаныма өкінемін, - деп қосты пациент.

№7 ортопедия бөлімшесінің емдеуші дәрігері Жандос Қалеловтің айтуынша, науқаста 3 дәрежелі екі жақты деформациялық гонартроз.

Бұл ауру кезінде жіліншік пен сан сүйегінің бір бөлігін жабатын шеміршек тіндері зардап шегеді. Ауыр салмаққа, көп жүктемелерге байланысты ауру дами береді, нәтижесінде буын бірте-бірте бұзылып, сүйектің зақымдануы, оның кейінгі патологиялық өсуі мен тығыздалуы байқалады. Жаяу жүргенде қатты ауырсынып, буындарда сұйықтық жиналады, ал кейінгі кезеңдерде аяққа тұру тіпті, мүмкін болмай қалады, - дейді дәрігер.

Күлімхан Құрманғалиқызының сол жақ тізе буынына эндопротез орнатылды. Операциядан кейін бір аптадан кейін, ауруханадан шықты. Ал бірнеше оңалту курстарынан кейін бұрынғыша қалыпты еркін қозғалатын болады. 

Өзгелердің жаңалығы