Құлсары қаласында 11 мамыр, сағат 14.00-дегі жағдай бойынша әлі 14 үй мен 7 бизнес нысаны су астында қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте Атырау облысының Құлсары қаласында ТЖМ құтқарушыларымен 200 мыңнан астам текше метр су сорылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін су тасқыны кезінде су тасқыны аймағында 2920 жеке тұрғын үй болған. Еріген қар суын сору жұмыстарын Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген ТЖМ қызметкерлері жүзеге асыруда. Сондай-ақ, өңірде Жайық өзеніндегі су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізілуде, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Атырау облысының эвакопункттерінде 504 адам, оның ішінде 280 кәмелетке толмаған бала бар.
Күні кеше облысқа ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов келді. Өңірлік ТЖД жедел штабы отырысының қорытындысы бойынша ведомство басшысы Индер және Махамбет аудандарындағы елді мекендерге келетін суды жібермейтін бөгеттер маңына қосымша бақылау бекеттерін қоюды тапсырды.