Ертең егемендігіміз бен елдігіміздің нышаны – мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданған күні. Тура 31 жыл бұрын Әнұран, Байрағымыз бен Елтаңбамызды күллі әлемге паш еткен болатынбыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Содан бері елдігіміздің нышанына айналған рәміздеріміз туралы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Байрақ
• Көк түс – күллі түркі әлемі үшін киелі ұғым. Демек, аспан түстес байрағымыз шексіздіктің, игілік пен тыныштықтың, бейбітшіліктің символы ретінде таңдалған.
• Әуел баста туымыздың ою-өрнектері қызыл түске боялғанымен, көп ұзамай алтын түске ауыстырылған.
• Тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.
• Мемлекеттік туды таңдау үшін байқауға 1200 шығармашылық өкілі қатысты. 700-ге жуық адам пікір білдіріп, 245 сурет жобасы ұсынылды.
• Көк байрақта бейнеленген қыран бүркіт бейнесі жас егемен Қазақстанның әлемдік өркениетке ұмтылуын білдіреді. Бүркіт – биіктіктіктің, қырағылықтың, алғырлықтың символы.
• Республикамыздағы ең үлкен тудың ені – 15, ұзындығы – 30 метрді құрайды. Ол елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінің аумағында тұр.
• 1995 жылы ұлы Абайдың дүниеге келгеніне 150 жыл толуына орай көк байрақты Президент Нұрсұлтан Назарбаев Іле Алатауы жотасының «Абай» шыңына орнатқан.
Елтаңба
• 1991 жылы 2 қазанда Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып, қазақ азаматы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқаны белгілі. Ғарышқа алғаш болып қадам басқан қазақ ғарышкерінің жүрек тұсында елтаңба үлгісінде көк аспандағы жұлдыз бен ай және шаңырақ бейнеленген. Ал ғарышкердің жүрек тұсындағы сол таңбаны белгілі сәулетші, елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлиханов құрастырған. Кейіннен сәулетшінің ғарышқа барып қайтқан бұл белгі-таңбасы біраз өзгерістерден өтіп, 1992 жылы болған мемлекеттік елтаңбаның конкурсына ұсынылды.
• Елтаңбаның алғашқы макеті Өзбекстанда жасалып, жүк көлігіне жасырылып әкелінген.
• Елтаңбаның төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазудың екі шетіндегі арыстан мен бөрінің бейнесі кейінгі өзгерістер кезінде қосылған.
• Қазақстанның елтаңбасына 25 жыл бойы ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ.
Әнұран
• Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
• Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз.
• Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен соң 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды.
• Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.