Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қудаланған мұғалімді кім қорғайды? – Аймағамбетов пен Бейсембаев әріптестерін қорықпауға шақырды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
30 Маусым 2025, 16:44
1801
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

“Директорлар бізді кәсіподақ ұйымына мүше болуға мәжбүрлейді. Егер одан шықсақ, қудалауға ұшыраймыз. Сонымен қатар кейбір жағдайларда партия тізіміне кіруге де мәжбүрлейді” деген мазмұндағы шағымдар жиі айтылады. Бірақ мұғалімдер мұны ашық айтып, ресми шағымданудан қорқады. Осы жағдай қаншалықты заңды? Жалпы мұғалімдер бұл тұрғыда қудалауға ұшырап жатыр ма?

Осыған қатысты Мәжіліс депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен қазіргі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың пікірін білдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Мұғалімдерді мәжбүрлемей, керісінше оларды қорғау керек”

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ең алдымен елімізде “Педагогтің мәртебесі туралы” заң бар екенін еске сала кетті. Бұл заңда мұғалімдердің құқықтары заңнамалық деңгейде қорғалады.

Ең бастысы – әріптестеріміз қорықпауы керек. Егер оларды кәсіподақ ұйымына кіруге мәжбүрлеп жатса – бұл дұрыс емес. Өйткені кәсіподақ дегеніміз – мұғалімдерді қорғау үшін құрылған ұйым. Оған күштеп кіргізуге ешкімнің құқығы жоқ. Егер осындай мәжбүрлеу фактілері болса, олар бізге хат жолдай алады. Сонымен қатар прокуратураға немесе тиісті министрлікке жүгінуге құқығы бар. Менің ойымша, шынымен де осындай жағдайлар кездесіп жатыр. Мысалы, кәсіподаққа байланысты бізге де бірнеше хат келіп түсті. Бірақ бұл жерде әріптестеріміздің, яғни мұғалімдердің өзінің нақты ұстанымы болуы керек, - деп айтты депутат.

Аймағамбетовтің сөзінше, егер мұғалім “Мен жалақымның 1 пайызын кәсіподаққа бергім келмейді, оған мүше болғым келмейді” десе, оны ешкім мәжбүрлей алмайды. Ал егер мәжбүрлейтін болса – бұл заң бұзушылық. Мұндай жағдайда нақты шаралар қолдану керек.

Кәсіподақтар мұғалімдерді мәжбүрлемей, керісінше оларды қорғауы, қолдауы керек. Өкінішке қарай, қазіргі күні мұғалімдердің құқығын қорғау тұрғысынан кәсіподақтардың рөліне қатысты сұрақ көп. Мысалы, жақында Қостанайда мұғалімдерге: «Барып өзеннің жағасын күзетіңдер» деген тапсырма берілген. Бірақ мұғалімдер еңбек демалысында. Сонда кәсіподақ қайда болды? Мұғалімдерді қорғайтын басқа да органдар қайда? Біз ғана емес, қоғам да бұған үн қосуы керек. Заң бар, жауапкершілік бар. Келесі сессияда осы мәселеге қатысты жауапкершілікті күшейтетін нақты нормалар әзірледік, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Алайда Аймағамбетов мұғалімдерді партия қызметіне енгізуге мәжбүрлеу туралы мәлімет өзінде жоқ екенін айтты. Бірақ сөзінше, сенбіліктерге тарту, кәсіподақ арқылы тән емес жұмысқа жегу секілді жекелеген фактілер түсіп жатады.

“Ешкімнің хақысы жоқ”

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, кәсіподаққа кіру немесе кірмеу – заң бойынша әрбір мұғалімнің, жалпы кез келген азаматтың жеке шешімі болуы керек.

Егер мектеп басшылығы немесе басқа біреулер мұғалімдерге қысым көрсетіп, кәсіподаққа кіруді міндеттейтін болса – мұғалімдер бұл туралы бізге хабарлай алады. Әр өңірде білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері бар. Мен бұл мәселе жөнінде оларға арнайы тапсырма бердім. Мұғалімдер осы департаменттерге барып шағымдана алады. Біз бұл тәрізді жағдайларды дереу тоқтатамыз, - деді ол.

Ғани Бейсембаев кәсіподақ ұйымының басшылығымен кездесіп, бұл мәселені нақты көтерген.

Тіпті мұғалім кәсіподаққа мүше болмаса да, ұйым оған қолдау көрсетуі тиіс. Егер халық кәсіподақтың шынайы кәсіби қызметін көрсе – олар өздері-ақ мүше болады. Сондықтан мұғалімдерді қандай да бір ұйымға кіргізуге мәжбүрлеуге ешкімнің хақысы жоқ екенін тағы да нақтылап айтқым келеді, - деп айтты бас ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы