Қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинаты қай өңірде салынады

Бүгiн, 15:55
175
Бөлісу:
Қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинаты қай өңірде салынады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жамбыл облысында қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинаты салынады. Олжас Бектенов қытайлық Fujian Hengwang Investment компаниясының басшылығымен жобаны жүзеге асыру жоспарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдағы жетекші металлургия компанияларының бірі Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянмен кездесті.

Қазақстан Премьер-министрінің 2024 жылғы қарашада ҚХР-ға жұмыс сапары барысында Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстелі аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды.

Қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинаты қай өңірде салынады

Кездесудің басты тақырыбы Жамбыл облысындағы Jibek Joly арнайы экономикалық аймағы аумағында қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинатын салу жобасын жүзеге асыру болды. Қытайлық инвестор жалпы инвестиция сомасы $1,2 млрд-қа бағаланып отыр, жоба шеңберінде 2,5 мың жұмыс орны ашылады.

Инвестордың жоспарына сәйкес, бірінші кезеңде 2027 жылы өндіріс қуаты 1 млн тонна болатты құраса, ал инвестиция көлемі 160,2 млрд теңгеге жетеді. 2029 жылға қарай өнім шығару 3 млн тоннаға дейін артып, қосымша инвестиция көлемі 312,8 млрд теңгені құрайды. Өндіріске қазақстандық шикізат: Қарағанды, Қостанай және Ұлытау облыстарында өндірілетін табиғи газ және темір рудалары, сондай-ақ әктас пайдаланылады. Нәтижесінде, кәсіпорында катанка, арматура, құбыр өндірісіне арналған жолақты болат, сондай-ақ бұрышты және профилді болат сияқты өнімдердің кең ауқымын шығару жоспарланып отыр. Жобаны іске асырудың екінші кезеңі аясында металлургия зауытының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қуаты 350 МВт газ турбиналы электр стансасын салу көзделген, оған инвестор 201,3 млрд теңге қаржы бөледі.

Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянь кәсіпорында темірді тікелей қалпына келтіру технологиясы (DRI) енгізілетінін, бұл оның өнімдегі жоғары құрамын – 90%-дан астамды қамтамасыз ететінін және қазақстандық металлургияның бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын баса айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов аталған жоба отандық металлургияны дамытуға, өндіріс қуатын арттыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейтуге маңызды қадам болатынын атап өтті.

Жобаның біз үшін маңызы зор. Бұл – еліміздің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашатын маңызды бағыт. Инвестициялық жобаларды жедел іске асыру үшін Қазақстан Үкіметі жанынан Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Үкімет сіздің жоспарларыңызды толығымен қолдайды және оларды жүзеге асыру үшін тиісті қолдау көрсетеді, - деп атап өтті Премьер-министр.

Өзгелердің жаңалығы