"Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет": Жетісу облысының даму қарқыны қандай

27 Наурыз 2025, 19:08
390
Бөлісу:
"Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет": Жетісу облысының даму қарқыны қандай
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Жетісуда экономикалық ахуал көтеріліп, ауылды аймақтарға көбірек көңіл бөліне бастады. Бұл "Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет" тұжырымдамасының бір нәтижесі" дейді облыстық мәслихат төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауылды дамытып, халықты көптеп шоғырландыру үшін ең алдымен жұмыс орындарын қалыптастыру маңызды. Өңірде бұл мақсаттағы жоспарлар жүйелі түрде жүріп келеді.

Мысалы, былтыр Алакөл маңында инфрақұрылымды дамыту мақсатында кәріз тазарту жүйесі мен "Бескөл-Ақши" электр желілерінің құрылысы басталды. Балқашқа дейінгі 132 шақырым жолдың 122 шақырымында құрылыс аяқталды. 

Сондай-ақ, Жасылкөлге дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, Тополевка ауылында жаңа визит орталық ашылды. Мәдениет саласында 2022-2024 жылдары 12 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Осылайша жаңа жұмыс орындары да құрылды.

Облысымызда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 91,3 пайызға жетіп, былтыр су жүйесіне 2 ауыл қосылса, 298 км желі жөнделді, 17 елді мекенде ауызсудың сапасы жақсарды. 192 елді мекеннің 63-і газдандырылды. Оның ішінде отызы шалғайдағы елді мекендер. Сондай-ақ "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" Ұлттық жобасы аясында ауылды аймақтарда 23 жаңа медициналық нысан бой көтерді. Спорт саласында 18 нысан іске қосылып, 10 блок-модульді спорт кешені орнатылды. Облыстық маңызы бар 193 шақырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі көшелері жөнделді, - дейді мәслихат төрағасы.

Оның айтуынша, "Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет" тұжырымдамасы халықтың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартып, өңірдің экономикалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Депутаттар қауымы осы қағидаға сай еңбек етіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы