«ҚТЖ-Жүк тасымалы» Шымкент филиалының басшысы сотталды

20 Сәуір 2023, 02:30
992
Бөлісу:
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» Шымкент филиалының басшысы сотталды
Фото: martebe.kz

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының үкімімен "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы А.Арысбаев пен филиалдың еңбек қатынастары жөніндегі инспекторы, сондай-ақ ҚТЖ ұлттық компаниясы Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің жетекші маманы Б.Арысбаева парақорлық үшін сотталды.

Аталған адамдар туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастырғаны үшін, сондай-ақ қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін жүйелі түрде 20 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алып келген.

Сотталғандарға 200 мыңнан 13 млн теңгеге дейін (жалпы сомасы 18 млн теңгеден астам) айыппұл түрінде жаза тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп жазды Дәурен Ерғарин.

Еске салайық, бұдан бұрын Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласының мамандары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшысына және оның қарамағындағы бірқатар қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны айтылған.

Тергеу мәліметінше, олардың пойыздарды қабылдаушы, кассир, вагондарды тексеруші-жөндеуші және тағы басқа лауазымдарға жұмысқа орналасу үшін жүйелі түрде пара алғаны әшкереленген.

Өзгелердің жаңалығы