Үкіметте өткен брифингте Көлік министрі Марат Қарабаев ҚТЖ-ға қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Компания 2020 жылдан бері тиімді және әр жыл сайын таза пайда тауып жатыр. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 134 млрд теңге таза пайда тапты, яғни «ҚТЖ» компаниясы өзінің алдындағы қарызын өтеуге үлкен мүмкіндігі бар. Болашақ магистральды жүйені алу оның қарызына немесе берешегіне байланысты емес. Біз «ҚТЖ»-ны әрі қарай дамыту мақсатында желіні екі кезеңге бөліп, бірінші кезеңде компанияның ішінде «ҚТЖ»-ға тікелей еншілес жеке заңды тұлға ретінде бөлеміз деп жоспарлап отырмыз, - деді министр.
Оның сөзінше, екінші кезеңде мемлекетке алып, «ҚТЖ» тек қана тасымалдаумен айналысады, желі жол сияқты оның үстінде ертең жеке тасымалдаушылар да жүретін болады.
Қазір анық шешім қабылданған жоқ. Сондай-ақ магистральдық желінің қай мекемеге берілетіні қарастырылып жатыр.
Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы бойынша компанияның ішкі қарыздары мен оны төлеу мәселелері талқыланды. Менің айтып отырғаным жалпы «ҚТЖ» 2020 жылдан бастап таза пайда тауып отыр. Былтыр рекордтық 134 млрд теңге пайда тапты. Алдағы 2,9 трлн теңге қарызын өтеу үшін оның барлық мүмкіндігі бар, - деп түсіндірді Марат Қарабаев.