«Қазақстан темір жолы» жолаушылар пойыздарын Starlink спутниктік интернетімен жабдықтау жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда 51 бағыттағы 1 500-ден астам вагон интернетпен қамтылған. Бұл жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушыға цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жобаның нәтижелері Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында таныстырылды. Іс-шара барысында пойыз бастықтары онлайн байланысқа шығып, борттық Wi-Fi желісінің жұмысын көрсетті.
Жолаушыларға мессенджерлер арқылы мәтіндік хабарламалар жіберуге арналған тегін базалық пакет және фотосуреттер, бейнелер мен басқа да интернет қызметтерін пайдалануға арналған ақылы пакеттер ұсынылады. Тұсаукесерде Сапар робот-жолсерігі Wi-Fi желісіне қосылу тәртібін түсіндірді.
Сонымен қатар ҚТЖ жолаушылар, пойыздар, билеттер, маршруттар мен қызметтер туралы деректерді біріктіретін ақпараттық жүйе әзірлеп жатыр. Ал болашақта іске қосылатын SuperApp мобильді қосымшасы арқылы маршруттарды іздеу, кестені тексеру, орын таңдау және билет сатып алу мүмкіндігі қарастырылады.
Жаңа цифрлық шешімдер қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар сұранысын талдауға және өтініштерге жедел жауап беруге бағытталған.