2025 жылғы 12 тамызда ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында "Президент Тоқаевтың дипломатиясы" атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ e-history.kz-ке сілтеме жасап.
Еңбекті Еркін Тұқымов, Санат Көшкімбаев, Болат Әуелбаев, Ерболат Сейілханов, Даурен Әбен және Әсел Әбен сынды ҚСЗИ сарапшылары мен халықаралық қатынастар, жаһандық экономика саласының мамандары әзірлеген.

Монографияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі сыртқы саяси бағыты жан-жақты және терең зерттелген. Еңбекте авторлар Тоқаев дипломатиясының мазмұнын тек жекелеген қадамдар арқылы емес, тұтас стратегиялық жүйе тұрғысынан қарастырады. Зерттеу барысында үш басты қағидатқа ерекше көңіл бөлінген: тұрақтылықты сақтау, көпвекторлы саясатты ұстану және прагматизмге негізделген шешімдер қабылдау.
Кітапта бұл қағидаттардың Қазақстанның сыртқы саясатын жаһандық аренадағы үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға бейімдеудегі рөлі нақты мысалдар арқылы көрсетілген. Геосаяси ахуалдың құбылмалы сипаты, халықаралық шиеленістердің өршуі, жаңа қауіптер мен мүмкіндіктердің қатар пайда болуы – осының бәрі еңбекте жан-жақты талданған.
Монографияда Ауғанстан мен Украинадағы халықаралық дағдарыстарға қатысты Қазақстанның ұстанымы, қабылдаған шешімдері мен дипломатиялық бастамалары жеке тарауларда ашылады. Сонымен қатар, жаһандық климаттың өзгеруі тудырып отырған экологиялық және әлеуметтік қатерлерге назар аударылып, бұл мәселелерді шешудегі Қазақстанның ұстанымы мен бастамалары сипатталады.

Президент Тоқаевтың дипломатиясы – бұл тек сыртқы саяси бағыт қана емес. Бұл – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтатын әрі еліміздің жаһандық үдерістердегі жауапты әріптес ретіндегі кемелдігін айқын көрсететін кешенді стратегиялық көзқарас, - деді ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина.
Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тұқымов монографияға сұраныс шетелдік әріптестер, жастар мен студенттер тарапынан Қазақстанның соңғы жылдардағы сыртқы саясатына қызығушылықтың артуынан туғанын атап өтті. Оның айтуынша, еңбек тек сарапшыларға ғана емес, кең аудиторияға да пайдалы дереккөзі бола алады.
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев Тоқаев дипломатиясын тәуелсіздік жылдарындағы ең ұзақ қызмет еткен сыртқы істер министрі ретіндегі тәжірибемен қатар, президенттік кезеңде орын алған халықаралық және ішкі сын-қатерлерді нақты уақытта еңсеру қабілетімен байланыстырды.

Таныстырылымға мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, зерттеу орталықтарының мамандары және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Пікірталас ашық форматта өтіп, қатысушылар еңбектің ғылыми және практикалық құндылығын ерекше атап өтті.

Кітапта Қазақстанның халықаралық қақтығыстарды реттеуге қосқан үлесі, арағайындық миссияларды атқару тәжірибесі, бейбіт диалогты дамытудағы рөлі нақты мысалдармен берілген. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясында тұрақтылықты нығайтуға бағытталған қадамдар талданған.
Монография халықаралық қатынастар саласының мамандарына, саясаттанушыларға, дипломаттарға және Қазақстанның қазіргі геосаяси орнын түсінгісі келетін оқырмандарға арналған.
"Президент Тоқаевтың дипломатиясы" – Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытын түсінуге мүмкіндік беретін, аналитикалық және тәжірибелік тұрғыда құнды еңбек. Ол елдің көпвекторлы және жауапты дипломатиясының мазмұнын ашып қана қоймай, болашақ зерттеулер мен практикалық жұмыс үшін маңызды дереккөзі болмақ.