ҚР ЦДИАӨМ кеңейтілген алқа отырысы өтті

5 Наурыз 2022, 17:29
1871
Бөлісу:
ҚР ЦДИАӨМ кеңейтілген алқа отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және өнеркәсібі министрлігінің алқа отырысы болды.

Өткен жылдардағы жұмыстар қорытындыланып, алда атқарылатын міндеттер нақтыланған басқосуда Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы және Премьер-Министрдің тікелей басшылығындағы экономика салаларын, мемлекеттік басқаруды цифрландыру бойынша маңызды міндеттер қарастырылды.

Министр Бағдат Мусин жүргізген алқа мәжілісіне ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сала мамандарымен қатар басқа да министрліктердің цифрландыруға жауапты вице-министрлері, ЦДИАӨМ бағынысты ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар, байланыс операторлары мен ІТ-нарықтың өкілдері қатысты.

Цифрлық трансформация - жүйелі реформаларды іске асырудың, мемлекеттік басқаруды жетілдірудің және халық сенімін арттырудың түйінді құралдарының бірі. Цифрландыруды барынша тиімді, қолайлы және пайдалы ету мақсатында Цифрлық офицерлер институты құрылып, былтыр цифрландыруға жауапты вице-министрлер үшін (CDO) тиісті KPI енгізілген болатын.

Әсіресе бүгінгі жағдайда CDO - инновациялық және технологиялық экономиканы қалыптастыру жолында жүйелі өзгерістердің драйвері. Олар өздері қадағалайтын салаларда, яғни ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика және тағы басқа салада инновацияларды енгізіп, жаһандық трендтерден қалмай, құзіреттіліктің технологиялық орталықтары мен инновациялық экожүйені қалыптастырып, міндеттерді жүзеге асыру үшін отандық стартаптарды тартып, халықаралық BigTech  компаниялар мен отандық ғылыми қауымдастықтың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануы тиіс, - деді Бағдат Мусин.

Елді-мекендерді интернетпен қамту, байланыс сапасын арттыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да біраз жұмыс атқарылды. Республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында сыналып жатқан 5G жаңа буын технологиясын биыл осы қалаларда коммерциялық қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Өткен жылдардың қорытындысы бойынша 1257 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) арқылы кеңжолақты интернетпен, 928 елдімекен мобильді КЖҚ қамтылды.

Байланыс сапасын арттыруға да баса назар аударылуда. Былтыр 611 елдімекенде мобильді КЖҚ жақсартылса, биыл 157 ауылдағы интернет сапасын арттыру жұмыстары жоспарланған. 2021 жылы ЦДИАӨМ мамандары байланыс сапасы бойынша 562 тексеріс жүргізіп, бекітілген параметрлерді бұзғаны үшін байланыс операторларына 132 млн теңге айыппұл салынды. Бұл орайда биыл сапасыз байланысқа айыппұл көлемін 1500 ЕАК дейін көтеру жоспарда бар.

Қазіргі таңда Каспий теңізінің түбінде ТОБЖ салу жұмыстары қолға алынды, бұл - біздің елімізді Еуразия орталығындағы цифрлық хабқа айналдыру жолындағы маңызды және ауқымды жобалардың бірі. Сондай-ақ былтыр Қазақстан +997 телефондық кодын резервке алған болатын, бірақ әлі де +7 аймағында қалу мүмкіндігі бар. Осы бағытта ЦДИАӨМ мамандары ресейлік тараппен және Халықаралық электрбайланыс одағымен тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, бизнес-процестерге реинжиниринг жасау жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бұл орайда 110 бизнес-процеске анализ жасалып, қажетсіз үдерістер анықталды. Қазір өзекті процестерді цифрлау басталды, оң нәтижесі де байқалуда.

Бүгінгі таңда бірқатар маңызды мемлекеттік қызметтер проактивті түрде көрсетіледі. Бірақ министрдің айтуынша, барлық қызметтер проактивті форматта ұсынылуы тиіс, яғни азаматтар түрлі мекемелерге жүгініп, табан тоздырмауы керек. Осы бағытта министрлік 2022 жылы тағы 20 проактивті қызмет енгізуді жоспарлап отыр.

Алқа мәжілісі барысында еліміздегі аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы мәселелер, геодезия және картография саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар, цифрлық сервистердің енгізілуі және т.б. жөнінде баяндамалар жасалып, жан-жақты талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы