ҚР ИИДМ басшысы I Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысты

26 Наурыз 2022, 17:05
2306
Бөлісу:
ҚР ИИДМ басшысы I Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің қатысуымен өткен Бірінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумында сөз сөйледі, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

ҚР ИИДМ басшысы өз сөзінде жаһандық экономиканы түбегейлі трансформациялау кезеңінде Орталық Азия елдері экономикаларының даму қарқынын сақтау үшін өңірішілік өзара іс-қимылды нығайту қажет екенін атап өтті. Бірқатар бағыт бойынша экономикалық кооперация республикалардың инвестициялық тартымдылығын сақтаудың тиімді тәсілі бола алады.

Бұл ретте министр жоғары жылдамдықты "Түркістан-Шымкент-Ташкент" жолаушылар теміржол магистралі жобасын мысалға келтіріп, Орталық Азиядағы көлік дәліздерін дамытуға және жаңғыртуға назар аудару қажеттігін айтты. 

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың "TURAN" арнайы экономикалық аймағын және агроөнеркәсіп кешені өнімдерін қайта өңдеу, ағаш өңдеу, машиналар, электроника, тоқыма және құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын "Орталық Азия" сауда-экономикалық ынтымақтастық халықаралық орталығын құру жөніндегі бастамасын іске асыру ұсынылады. Бұл жобалар трансшекаралық сауда-логистикалық инфрақұрылымды және өңір елдері арасындағы өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған.

Бүкіл әлемде тікелей инвестициялар көлемі азайып, жаһандық бәсекелестік күшейіп келеді. Соның салдарынан барлық мемлекеттер инвесторларды тарту үшін жаңа қадамдар мен құралдар іздейді. Осындай жағдайда Орталық Азия елдері шетелдік капитал үшін жаңа бағдар болуы қажет. Әлемдік экономикадағы өзгерістер мен үрдістер әр елден инвестициялық құралдарды жетілдіруді, тәсілдер мен тәжірибелерді жүйелі түсінуді талап етеді, - деді Қ.Өскенбаев.

ҚР ИИДМ басшысы I Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысты

Министрдің айтуынша, Қазақстанда барынша қолайлы институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, инвесторларды қолдаудың жаңа құралы ретінде стратегиялық инвестициялық келісім енгізілді. 

Инвесторлардың ұсыныстарын талқылау және проблемаларды жедел шешу үшін ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен инвестициялық штаб және инвестициялық омбудсмен жұмыс істейді. Қазақстанда инвесторларды қорғауға "Астана" халықаралық қаржы орталығының тәуелсіз соты мен ағылшын құқығына негізделген халықаралық төрелік орталығы кепілдік береді.

Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда дайын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды және инвестициялық преференциялардың кең ауқымын ұсынатын 27 индустриялық аймақ пен 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. 

Жаңа кезеңде Қазақстанда барлық салаларға терең талдау жүргізіліп, соның негізінде инвесторларды тарту үшін нақты жобалар мен ұсыныстар әзірленеді. 

ҚР ИИДМ басшысы I Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысты

Сондай-ақ Қайырбек Өскенбаев Қазақстан мен Өзбекстанның өнеркәсіп саласындағы табысты ынтымақтастығы жөнінде айтты. Соңғы жылдары екі ел машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс салаларында жалпы сомасы $22 млн құрайтын 6 жобаны іске асырды. Жақында "Астана Моторс" компаниясы $15 млн инвестиция салып, Өзбекстанның 7 қаласында 10 дилерлік орталығын ашты.

Қазір Қазақстан мен Өзбекстан машина жасау және құрылыс индустриясы саласында $55 млн-ға 5 жобаны іске асыруда. Олар: Қостанай қаласында жеңіл автомобильдер мен тракторлар, Саранда Howo жүк автомобильдері, Шымкентте медициналық бұйымдар мен жеке гигиена құралдары, "Ангрен" АЭА-да автоклавты газобетон өндірісі. Сондай-ақ, құрылыс индустриясы және машина жасау саласында $348,5 млн сомасына 6 жаңа кооперациялық жоба пысықталуда.

Бұдан басқа, Қазақстанның шикізатпен қамтамасыз етілуін, шағын және орта кәсіпкерлікті, инвесторларды және өңделген дайын өнім өндірісін мемлекеттік қолдаудың ауқымды шараларын ескере отырып, өзбек тарапына тағы 5 жобаны бірлесіп іске асыру ұсынылады. Олар: Павлодар қаласындағы алюминий автомобиль дискілері мен профильдерін, Қарағанды облысындағы автомобиль табақтарын, Атырау облысында полипропиленді және Өзбекстан  аумағындағы шағын кернеулі трансформаторларды өндіру жобалары. 

Ташкенттегі форум аясында бизнес өкілдерімен 50-ден астам екіжақты кездесулер өткіздік. Оның ішінде "Azia Metall Prof", "Dentafill Kazakhstan", "Orient Ceramic" компаниялары бар. Нәтижесінде қосымша пысықтау және іске асыру үшін 10-нан астам жаңа перспективалық жоба айқындалды, - деді министр.

Сөз соңында Қайырбек Өскенбаев Орталық Азия елдерінің іскер топтары арасындағы ынтымақтастық бойынша сындарлы диалог құрудың маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы