Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкіметтің әлеуметтік салаға қатысты салық реформасына сыни пікір білдіріп, денсаулық сақтау жүйесіне түсіп отырған ауыртпалықты ашық атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар дәрілерді ҚҚС-тан босату – жартылай ғана шешім.
Қазір ең үлкен салмақ медицина саласына түсіп отыр. Басқа салаларда 4% болса, мұнда бірден 20% – оның 10%-ы ҚҚС, тағы 10%-ы корпоративтік табыс салығы. Үкімет әлеуметтік сырқаттарға арналған дәрілерді ҚҚС-тан босаттық деп мақтанышпен айтып жүр. Бірақ бұл – түбегейлі емес, шала шешім. Мәселе онкология сияқты күрделі ауруларға келіп тіреледі. Қазір мемлекет ұсынатын тегін дженериктерді науқастар алмайды, себебі олар түпнұсқа дәрілерді алуға тырысады – бұл қосымша шығын. Сондықтан бұл салада ҚҚС мүлдем алынып тасталуы керек, – деді депутат Мәжілісте өткен Қоғамдық палата отырысында.
Оның айтуынша, емдеу қызметтері бойынша да жағдай қиын.
Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы бәрі шешіледі деген уәждер шындыққа жанаспайды. Өйткені қарапайым халық күн сайын қалтасынан ақша шығарып, қызмет үшін төлеп жүр. Статистика бойынша, азаматтардың 40%-ы медициналық қызметке өз қалтасынан қаржы жұмсайды. МӘМС бар болса да, қызметті бір ай, тіпті екі ай күтуге тура келеді, ал бұл аралықта адам ақылы емханаларға жүгінеді. Бұл жағдайды күрделендіреді. Енді бұл қызметтер 10%-ға қымбаттайды, – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ депутат мәдени және әлеуметтік нысандарға да салықтық жеңілдік қарастырылмай отырғанына алаңдаулы.
Мұражайлар, кітапханалар, театрлар – бұлар әлеуметтік маңызы бар нысандар. Мысалы, Astana Opera, Astana Ballet – бұларға да салық жеңілдігі берілуі керек, – деді ол.
Кітаптарға қатысты бастама да нақты шешімін таппаған.
Иә, кітаптарға ҚҚС-тан босату жарияланды. Бірақ бұл тек баспа қызметтеріне ғана ма, әлде кітап өнімінің өзіне де қатысты ма – бұл мәселе әлі нақтыланған жоқ. Саяси шешім бар, бірақ егжей-тегжейі шешілмеген, – деді депутат.
Аймағамбетов шығармашылықпен айналысатын жандардың табысын салықтан босату туралы да ұсыныс жасағанын айтты.
Бұл – ғылым мен өнермен айналысатын адамдардың еңбегі. Мысалы, Өзбекстан бұл кірісті салықтан босатып қойған. Біз де осындай шешімге келуіміз керек, – деді ол.
Банк қызметтеріне қатысты да мәселе көтерілді.
Мектептерде балалар қолма-қол ақша ұстамасын деп, арнайы төлем жүйелері енгізілді. Бірақ енді осы электронды қызметтер үшін қосымша ҚҚС төлеу керек болады. Мысалы, Kaspi немесе Halyk арқылы ақша аударсаңыз, бұрын 200 теңге ұстайтын, енді оған қосымша 32 теңге салық қосылады, – деді депутат.
Оның таңданысын тудырған жайт – үкіметтің ойын бизнесіне қатысты ұстанымындағы өзгеріс.
Бұрын 10% салық ұсынылған болса, қазір 25% КТС қарастырылып жатыр. Бұл керісінше, букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесі үшін тиімді. Салық жүктемесін екі есе төмендетеді. Ал біз әлеуметтік саланы ауырлатып жатырмыз, – деді Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, резервтер бар, тек оларды әлеуметтік саланы қолдауға бағыттау қажет.