2026 жылдан бастап Қазақстанда Қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өседі. Үкімет мұны бюджет кірістерін арттырудың, әлеуметтік жобаларды қаржыландырудың амалы деп түсіндіреді. Бірақ сарапшылар арасында пікірталас қызу. Бірі қажет қадам десе, екіншісі пайдасы аз бастама дейді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Үйіметтің ресми түсіндірмесіне сай, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі:
• бюджет кірісін арттырады;
• ұлттық қорға түсетін салмақты азайтады;
• даму жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Экономист Вячеслав Додоновтың сөзінше, бұл ауыр, бірақ қажетті шара.
Осы реформаның арқасында біз даму бюджетінің көлемін едәуір арттыра аламыз, – дейді ол.
Сарапшылардың басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі бағаға тікелей әсер ететінін айтады.
ҚҚС-тың өсуі міндетті түрде бағаны көтереді, бұл салық ақыр соңында тұтынушыға жүктеледі, – дейді Ғалым Құсайынов.
Кәсіпкерлердің алаңдаушылығы
Кәсіпкерлер үшін жаңа мөлшерлеме қосымша ауыртпалық әкелмек. Әсіресе микробизнес пен шағын кәсіп иелеріне.
Мөлшерлеменің көтерілуі мен порогтың төмендеуі – қауіпті комбинация; бұл микробизнеске үлкен қиындық әкелуі мүмкін. Күтілген кірістер шамадан тыс бағаланған – бизнес көлеңкеге немесе бөлшектенуге кетуі ықтимал, – дейді экономист Айман Тұрсынқан.
Реформа қалай іске асады?
Экономистердің айтуынша, реформа кезең-кезеңімен және мұқият жоспарланған жағдайда ғана оң нәтиже беруі мүмкін.
Қазақстан салық саясатын қайта қарауға мәжбүр. Бұрынғы режим жеңілдікті болды, табысты жасыруға мүмкіндік берді. Мұнай қымбаттаған кезеңде бұл жұмыс істесе де, дағдарыстар жиілеген соң Ұлттық қорға сүйену қауіптіге айналды. Салықты көтеру мақсат емес, даму бюджетінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін құрал. Банктер үшін жүктеменің артуы оларды тұтынушылық несиеден нақты секторды қаржыландыруға ынталандырады. ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі негізделген, өйткені ол экономикалық өсімді тежемей, мұнайға тәуелділікті азайтып, бюджетті нығайтады. Негізгі міндет – импортқа тәуелділікті қысқарту, – дейді экономист Елдар Шамсутдинов.
Сонымен ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі: артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
Артықшылықтары
• Бюджет кірістерінің артуы. Қосымша қаржы әлеуметтік төлемдерге, білім мен медицинаға, инфрақұрылымға бағытталмақ.
• Мұнайға тәуелділікті азайту. ҚҚС – тұрақты салық, мұнай бағасының құбылуына тәуелсіз.
• Даму бюджетін күшейту. Үкімет қосымша түсімдерді экономиканы әртараптандыруға жұмсамақ.
• Салық тәртібін жақсарту. Ресми тіркелген кәсіпкерлердің үлесі өседі, көлеңкелі экономика қысқарады.
Кемшіліктері
• Бағаның қымбаттауы. ҚҚС-тың өсуі тауарлар мен қызметтердің соңғы бағасына әсер етеді.
• Инфляция қаупі. Халықтың нақты табысы төмендеп, сатып алу қабілеті әлсіреуі мүмкін.
• ШОБ үшін қосымша ауыртпалық. Шағын және микробизнес үшін бәсекеге қабілеттілік төмендейді.
• Әкімшілік күрделілік. Дифференцияланған мөлшерлемелер енгізілсе, есеп пен бақылау қиындайды.
• Көлеңкелі бизнеске кету қаупі. Кей кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін бейресми жұмыс істеуі мүмкін.
ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі – бюджет үшін пайдалы, бірақ халық пен бизнес үшін бастапқы уақытта қолайсыздық тудыруы ықтимал. Мамандар пәкірінше, теңгерімді саясат, әлеуметтік қорғау шаралары мен салықтық жеңілдіктер ғана бұл реформаны сәтті етпек.