Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қоғамда кең резонанс тудырып, ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – жаңа Салық кодексі, тиісінше салық салудың жаңа ережелері болды. Салық жүйесін қайта қарау туралы шешім соңғы бірнеше жылдағы жетіспеушіліктегі бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту қажеттілігімен байланысты. Қазіргі уақытта тапшылық жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын құрайды. Бұл ретте алдағы 2025 жылға бюджеттің кірісі 21,39 триллион теңге, ал шығысы 25,19 триллион теңге болады деп жоспарлануда. Жоспарланған тапшылық 4,1 трлн теңгені құрауы мүмкін, бұл келешекте біртіндеп төмендейді. Мемлекеттік қаржыны нығайту және бюджетті тұрақтандыру үшін ұсынылған құралдардың бірі қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерін қазіргі 12%-дан 20%-ға дейін арттыру, - деді сарапшы.
Қазақстанда соңғы екі онжылдықта ҚҚС мөлшерлемесі айтарлықтай өзгерген жоқ және 12% деңгейінде қалды.
Көптеген елдерде бұл көрсеткіш 15-20% құрайды, бұл біздің еліміздегі қазіргі көрсеткішті ең төменгі көрсеткіштердің біріне айналдырады. Бұл шара бірқатар оң нәтижелерге әкеледі:
Біріншіден, салық түсімдерінің артуы. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру бюджет кірісін 5-7 трлн теңгеге дейін ұлғайтады және бұған дейін бірнеше рет талқыланған Ұлттық қордан трансферттер алуды тоқтатуға әкеледі.
Екіншіден, салықтық қамтуды арттыру. ҚҚС төлеушілерді тіркеу шегін төмендету жоспарлануда, бұл шағын және орта бизнесті көбірек тартады, салық түсімдерін арттырады.
Үшіншіден, ҚҚС ұлғаюымен қатар еңбекақы қорына салық жүктемесін азайту қарастырылуда, бұл бизнеске қаржылық жүктемені жеңілдетуге және жалақының ашықтығын ынталандыруға тиіс, - деді ол.
ҚҚС мөлшерлеремі – Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету сияқты операцияларды жүзеге асыру кезінде алынатын жанама салық.
Сәйкесінше, негізгі жүк түпкі тұтынушыларға түседі. Дегенмен, бұл келеңсіз салдарлар қысқа мерзімде орын алып, кешенді жұмыс жүргізгенде оларды азайтуға болады деп күтілуде. Ол үшін жаңа салық режиміне бейімделудің нақты шараларын ойластыру қажет, - деді Әсел Әбен.
Салық реформасын талқылау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.
2024 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев: "ҚҚС-ты 12-ден 16 пайызға дейін көтеру – бұл түпкілікті шешім емес, Қазақстанда мүлдем басқа сипатқа ие болған ҚҚС-тың өзін де реформау қажет" деген болатын. Қалай болғанда да, әзірге нақты шешім жоқ, талқылаулар жалғасуда. Мемлекет басшысы айтқандай, "Қателесуге құқымыз жоқ... Жалпы, әрине, реформа қажет екенін растаймын...". Жақын арада оңтайлы шешімі табылады деп ойлаймыз, - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен.