Қозыбаев университетінде заманауи студенттер үйінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл ғимаратты пайдалануға беру тек өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны – Қозыбаев университеті үшін ғана емес, жалпы Солтүстік Қазақстан облысы үшін де жатақханаға деген қажеттілікті толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Жаңа студенттік жатақхана 11 қабатты екі тұрғын үйден тұрады, жалпы ауданы 27 мың шаршы метр. Ғимарат 1200 орынға есептелген. Студенттер үйінде жайлы жиһазбен жабдықталған бөлмелер, асхана, медициналық пункт, жаттығу залдары және коворкинг-аймақтар ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша СҚО-да жатақханалардағы орын тапшылығын азайту жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айында біз 156 орынға арналған жаңа жатақхананы аштық. Бүгін біз 1200 орынға арналған жатақхананы пайдалануға беріп жатырмыз. Мұнда студенттердің тұруына, демалуына, бос уақытын тиімді өткізуіне және сабаққа дайындалуына барлық жағдай жасалған. Осылайша, Президенттің тапсырмасын орындап, Қозыбаев университетінің студенттері үшін жатақханалардағы орын тапшылығын толықтай жойдық, - деп түйіндеді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жаңа студенттер үйінен бөлек, Қозыбаев университетінде 1365 орынға арналған тағы төрт жатақхана жұмыс істейді.