Қойдың қадіріне қашан жетеміз? – Сенат депутаты Үкіметке сауал жолдады

11 Сәуір 2019, 18:07
4690
Бөлісу:
Қойдың қадіріне қашан жетеміз? – Сенат депутаты Үкіметке сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парамент Сенатының жалпы отырысында депутат Аңсар Мұсаханов қой шаруашылығын дамытудың және қой еті мен жүнін өндіріп, өңдеу мәселесінің әлі де болса дұрыс жолға қойылмай келе жатқаны туралы Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауалын жолдады. 

«Қазақстанның Статистика агенттігінің берген мәліметіне сәйкес, елімізде қазір қой саны 16 миллионнан астам. Соған қарамастан, ең әуелі өзіміздің ішкі нарығымызды толық қамтамасыз ете алмай және қой өнімдерін экспорттауды дұрыс жолға қоя алмай келе жатқанымыз алаңдатады. Өйткені, әлі де болса, осы саланы дамытудың ғылыми негізделген жүйесі қалыптаспай отыр», - деп бастады сөзін депутат. 

Ол қой шаруашылығын дамытып, оны табысты салаға айналдыру үшін алдымен қой малының есебін нақтылап, дұрыстап алу қажет екенін айтты.  

«Елімізде негізінен қазір қойдың қандай тұқымдары бар, алдағы уақытта қойдың қандай тұқымын өсіруге басымдық берілуі керек? Міне, осыны анықтау үшін таяуда қой тұқымы бойынша санақ, яғни, инвентаризация, түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймыз. Осы жұмыстардың негізінде Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытудың жаңа әрі осы заманның талабына бейімделген мемлекеттік бағдарламасын жасау керек деп есептейміз», - деді Мұсаханов.  

Оның айтуынша, осы бағдарламада қой шаруашылығын субсидиялаудың тәртібі мен ережесін қайта қарау қажет. 

«Асыл тұқымды қой өсіруге басымдық бере отырып, мемлекет тұрғысынан қолдауды қамтамасыз етуді жан-жақты шешуді қарастыратын уақыт келді. Әсіресе, селекциялық жұмыстар жүргізуге, шетелден қой малының асыл тұқымды аталығын сатып алуға, қойды қолдан ұрықтандыру, көшпелі қой қырқу және жүн дайындаудың сервистік пунктілерін ашып, олардың жұмыстарын жандандыру істері аса қолдауды қажет етіп отыр. Қазақстан үшін қой етін экспорттау дәл қазір маңызды мәселенің бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өндірілетін экологиялық таза етке сұраныс артып келеді және де экспорттау мәселесі де қарастырылып жатқан да көрінеді. Сол себепті қой өнімдерін экспортқа шығаруды реттеп, қой шаруашылығы өнімдерінің халықаралық стандартына түзету мен толықтырулар енгізу керек деген мамандар пікірімен де санасқан жөн болар», - деді Сенат депутаты.

Ол Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығына экспортқа ет шығаруды арттыру үшін қой шаруашылығын интенсивті технологияны пайдалана отырып дамытумен бірге мал тұқымдарын, соның ішінде қой тұқымын асылдандырып, олардан өндіретін ет пен жүн өнімдерінің сапасын арттыруға көңіл бөлу қажеттігі туындап отырғанын айтты.

«Кез келген өндірістік сала сияқты, мал шаруашылығын, тағы да соның ішінде қой шаруашылығын дамыту технологиясы алдыңғы қатардағы ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйенуге тиіс. Сапалы мал өнімдерін өндіруде әлі де болса ескерілмей жатқан көптеген мәселе бар. Соның бірі қойдың әр тұқымының биологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін мал өсірілетін аймақтарда дұрыс пайдалану керек. Қой шаруашылығын жыл бойы үздіксіз әрі тұрақты өнiм өндiруші табысты салаға айналдыру үшiн  бiрiнен соң бiрi кезек-кезегімен атқарылатын технологиялық процестер ұйымдастырылып, iске асырылмай келеді», - деді сенатор.

Мұсаханов әзірге республикамыздың шаруа қожалықтарында қой өнiмдерін өндіру технологиясы сақталғанымен, жылдың төрт мезгiлiне сай, тұрақты әрі үдемелi түрде өнiм өндіру жүйесі қалыптаспағанын атап өтті. 

«Қуатты әрі тұрақты өндiрiстiк жүйе жоқ. Содан келіп, өндірілген ет пен биязы жүннің сапасы халықаралық стандарттарға сай келмей жатады.Әзірге қой еттері тек қана ішкі сұраныстарға ғана жарамды болып тұр. 
Алдағы уақытта қой шаруашылығын интенсивті дамыту үшін жаңа технологиялық әдістерді кеңінен пайдалана отырып, бұл саланы да цифрландыруға да көңіл бөлу арқылы өнімнің өзіндік құны мен сапасын жақсартуға айырықша мән беріліп, талапты күшейту қажет. Қой шаруашылығының жұмыс процестерін мамандандыру бүгінгі белестен әлдеқайда жоғары болуға тиіс», - дейді Мұсаханов.   

Депутат қой шаруашылығымен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары етті бағыттағы шетелдік қошқарларды пайдаланып, селекция арқылы еті өнімді әрі сапасы жақсы жаңа қой тұқымын шығару қажет екенін жеткізді. 

«Қазіргі уақытта етек алып бара жатқан биязы жүнді қойлар мен қылшықты және ұяң жүнді қой тұқымдарын бір-бірімен негізсіз будандастыруға қажет болса заңмен де тыйым салу керек. Қазақстанның қандай да бiр аймағында өсіруге болатын қой  түрлерін ең әуелі Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң және ғылыми-зерттеу ұйымдарының негіздемелеріне сәйкес анықтап алған жөн. Қой бордақылау алаңдарын, қой сою пунктілерін реттеп, оларды шетелге өнім шығаратын реестрге де енгізу қажет. Қой шаруашылығы өнімдерін өңдейтін мекемелер мен сервистік дайындау орталықтары аралығында тығыз байланыс орнатуды да шешу қажет. Өйткені, ірі жеткізушілердің және қой өнімдерін өндірушілер үшін кепілді сатып алу, қойды қырқу және жүн дайындаудың бірыңғай жүйелерінің болмауы, малдың саны мен жай-күйі туралы нақты ақпараттың жоқтығы да осы саланың ілгері дамуына кері әсерін тигізіп отыр», - деп айтты Мұсаханов. 

Оның айтуынша, жайылымдық жерлердің де жағдайы жыл сайын нашарлап барады. Кезінде қабылданған «Жайылымдар туралы» заңының нормалары толықтай жүзеге асырылған жоқ. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлар көп өңірлерде бекітілмеген. Ауыл маңындағы жайылымдардың тозуы белең алып отыр. Сонымен қатар, шалғайдағы жайылымдарды пайдалануды ұйымдастыру мәселесі де толық шешімін таппай отыр. 

«Деградацияға, яғни жарамсыз болып қалған жайылымды жерлерді  қалпына келтіру, жайылым құнарлылығын арттыруға қажетті  шаралар кешенін жасап, оларды жүзеге асыруды қолға алатын кез келді. Ол үшін көде, изен тағы да басқа шөп пен сексеуіл тұқымдарын өндіруді де ғылыми тұрғыдан жандандыру қажет. Жеке шаруашылық қожалықтарындағы қойдың 70% шағын фермаларда өсірілетіндіктен, олардың өнімділіктері де төмен. Қой шаруашылығы саласының мамандары мен қарапайым еңбек адамдарының  әлеуметтік жағдайларына да тиісті көңіл бөлінбей кетті», - деді Аңсар Мұсханов.

Ол ауылдық округтер орталығынан ветеринарлық пунктілер салу әлі де мардымсыз екенін, сырғамен, вакциналармен уақтылы қамтамасыз етуде де кемшіліктер барын айта кетті. 

«Қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, қой шаруашылығын өнеркәсіптік негізде дамыту және өнім сапасын жақсарту мәселелері ең алдымен мемлекеттік деңгейде тәжірибелі қой өсірушілер мен мамандарының, ғалымдардың қатысуымен талқыланып, арнайы әрі нақтылы міндеттер белгіленгені жөн болар еді. Бұл орайда таулы, шөл және шөлейт аймақтарды қой шаруашылығына тиімді пайдалану үшін жеке шаруашылықтардың аудандық, аймақтық кәсіби бірлестіктерін құрған жөн. Кәсіби мақсаттары бойынша бірлестірілген шаруашылықтар ондай жағдайда жайылымдық жерлерді де, сол аудан аймағындағы қолда бар қой бордақылау, жүн қырқу, мал тоғыту, мал сою, мал өнімдерін өңдеу кешендерін де өзара тиімді пайдаланар еді. Мұндай бірлестіктер болса ғалымдар да өздерінің ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізуге мол мүмкіндік алады. Сондықтан  осындай бірлестіктердің республиканың әртүрлі аймақтарына ыңғайлы модельдерін жасауы керек», - деп тілегін білдірді депутат.

Аңсар Мұсаханов қой шаруашылығын интенсивті дамыту мен жаңа технологиялық әдістерді кеңінен пайдалану, қой шаруашылығы саласының бәсекелестік деңгейіне көтеру үшін ғылыммен бірге өндеу жұмыстары қолма-қол жүру керек деген пікірде. Ол үшін зоотехникалық ғылым саласына Үкімет тарапынан ықпал етілуі қажет. 

«Ең алдымен тағы да қазіргі уақытта өндірілетін қой өнімдері бойынша құрылған республикадағы 4 бірдей палатаны бір орталыққа, бір палатаға ғана біріктіру қажет. Қой шаруашылығына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, шешу үшін республикалық үйлестіру кеңесін құрғанның да артықшылығы болмас еді. Бұл кеңестің құрамына «Республикалық қой шаруашылығы палатасы», «Ғылыми зерттеу институттары», «Атамекен» ҰКП, уәкілетті органдар, беделді ғалымдар, ірі шаруашылық басшылары мен фермерлерді қосып, жылына бір рет жиналыс – форум өткізіп отырса жөн болар еді. Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуды әлемдік үлгіге бейімделген тиімді әрі бәсекеге қабілетті боларлықтай жолға қою үшін бұл саланың ұзақ жылдардан бері қордаланып қалған  мәселелері өзінің  оң шешімін табар деп сенеміз», - деп сауалын түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы