Қостанай облысының Әулиекөл, Ұзынкөл және Қарабалық аудандарында табиғи өртті сөндіру жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төрт елді мекенде (Аманқарағай ауылы, Озерное, Калинино және Лесное) алдын ала мәліметтер бойынша 108-ге жуық тұрғын үй мен ғимараттар зардап шекті. Келтірілген залал мөлшері анықталуда.
Бүгінде Аманқарағай ауылының тұрғыны - 1936 жылы туған М.И. Бабенконың қаза тапқаны белгілі. Сонымен қатар, 3 қыркүйекте Қостанай қаласында «Оружейная палата» аңшылық дүкені өртенген. Соның салдарынан дүкеннің жеті қызметкері зардап шегіп, үшеуі күйік шалып ауруханаға жатқызылды, ал төртеуі қаза тапты.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген іс-әрекет), 341-бабының 1-бөлігі (ормандарды жою), 292-бабының 3-бөлігі (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды, - делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Адамдардың қаза болғанын, зардап шеккендердің санын және өрт салдарынан келтірілген шығынды ескере отырып, қылмыстық істер Бас прокуратураның және Қостанай облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары басшылық ететін тәжірибелі құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлерінен құрылған тергеу-жедел топтардың іс жүргізуіне қабылданды. Тергеу барысы бас прокурордың жеке бақылауына алынды.