Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанай қаласында ұлттық тәрбие мен білімді ұштастырған «QAZBILIM» лицейі ашылды, деп хабарлайды Қостанайдағы BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің білім беру саласында 7 жыл ішінде өздерінің нәтижелі жұмыстарының арқасында талай дарынды шәкірттің бағын ашқан «QAZBILIM GROUP» компаниясының атағы тұтас елге мәлім десем артық айтқандық емес. Осыған дейін еліміздің әрбір өңірінде өз орталықтарын ашып келген бұл мекеменің биыл үш бірдей облыста ұлттық лицейі өз жұмысын бастамақ. Талай тұңғыштарды түлеткен Тобыл өңірінде бірінші болып осындай білім ордасының ашылуы құптарлық іс.
Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына облысқа танымал тұлғалар, білім басқармасының өкілдері, ардагер ұстаздар, Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген қонақтар мен ата-аналар, оқушылар қатысты.
Қостанай жері қасиетті өлке ғой. Осындай жерде білікті де білімді ұстаз Аятжан Ахметжан бастамасымен ұлттық тәрбиемен ұштасып білім беретін жаңа мектеп ашылып жатыр. Бұл - біздің облыстың ата-аналары үшін үлкен қуаныш. Оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік. Кешегі қазақтың тұңғыш ағартушы тұлғасы Ы.Алтынсарин мен биыл 150 жылдығын атап өткелі отырған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлын түлеткен құтты мекенде осындай мектептер керек болатын. Қадамдарыңыз құтты болсын, - деді ашылу салтанатына арнайы қатысқан Қостанай облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта жалпы білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Қарлыға Исмурзина.
Жалпы Қостанайда ашылған жаңа білім ордасы 280 балаға арналған. Әр сынып 15-16 оқушы болады. «QAZBILIM» ұлттық лецейінің Қостанай жерінде басқалардан бұрын бірінші болып ашылуының өзіндің мәні бар екен.
Біз осы мектепті ашуға ниет білдіріп, Қостанайға келіп білім басқармасының басшыларымен жолыққанда жалғыз сауал қойылды. Ол сауал «бала санын қалай толтырасыздар» деген. Сонда ол мәселені өзімнің мойныма алам дедім. Содан осы мектептің ашылуы төңірегіндегі жұмыстар басталып кетті. Қазір сол күдік сейіліп, күн санап шәкірттеріміздің қатары көбейіп келеді. Ал, Қостанай жерінде осы білім ордасының ашылуының өзіндік мәні бар. Тарихымызға үңілсек, Қостанай - еліміздің мүддесіне қызмет еткен көптеген ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген жер. Сондықтан солардың рухынан аттап кете алмадық, - дейді «QAZBILIM» орталығының директоры , химия ғылымдары бойынша PhD докторант Аятжан Ахметжан.
Расында, Қостанай жерінде ашылып отырған «QAZBILIM» ұлттық лицейінің ата-аналар қауымы үшін жағымды жаңалықтары да бар екен. Сондықтан өздеріне үміт артып, балаларының болашағын аманат етіп отырған жандардың мүддесінен шығуға шамасы мен тәжірибесі жетеді деп нық сеніммен айтуға болады.
Өздеріңіз білесіздер биыл - ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы. Осы айтулы мерейтой қарсаңында біз өзіміздің тарапымыздан 30 оқушыға QAZBILIM олимпиадасын ұйымдастырып, нәтижесіне қарай 30 оқушыға 50 ден 100 пайызға дейін білім гранты беріледі. Ол 23 тамыз күні сағат онда Қостанай қаласындағы «QAZBILIM» ұлттық лецейінде өтеді, - дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Мектептің ашылу салтанатына балаларын жетектеп келіп жатқан ата-аналардың қатары көп болды. Солардың бірі – Қостанай тұрғыны Нұрлан Шалқар. Оның алтыншы және тоғызыншы сыныпта оқитын балалары мектептің іріктеу сынағынан іркілмей өтіп, ұлттық лецейдің алғашқы шәкірттері атанғандары үшін қуаныштарында шек жоқ.
Балаларымды Аятжанның мектебіне беру менің ұзақ жылдан бергі арманым еді. Сол мүмкіндік пен бақытты сәт биыл туып отыр. Олай дейтінім былтыр үлкен ұлымды Нұр-Сұлтан қаласындағы Аятжан Ахметжанұлы басқарып отырған мектепке де бергім келді. Бірақ, реті болмады. Енді өзіміздің қаламыздан ашылып жатқан мектепке беріп отырмыз. Қадамдарыңыз құтты болсын,- дейді Нұрлан Байінбетұлы.