Қостанай қаласындағы Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінде 145 жас сарбаздың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі өтті деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.
Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға Тобыл жеріне табан тіреген сарбаздардың басым бөлігі - еліміздің түпкір-түпкірінен келген тепсе темір үзер жігіттер. Осынау ерекше салтанатты жиында сарбаздарға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдіру үшін Қостанай қаласының әкімдік, ҚР Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, бөлімнің ардагерлер құрамы мен сарбаздардың ата-аналары арнайы келіп, қатысты.
Ел алдында ант қабылдау - нағыз ерлердің ісі. Қабылдаған күннен бастап әрбір саптағы жауынгер Республикамыздың алдында әскери қызметкері атанып, елін қорғау жолындағы міндеті жүктеледі. Анттарыңа адал болыңдар сарбаздар!, - деп тілек білдірді құттықтау сөзінде 6697 әскери құрамының командирі полковник Талғат Әбдіров.
Аталмыш, 6697 әскери бөлімі 51 жыл көлемінде Қостанай, Жетіқара қалаларында сотталғандарды түзеу мекемесін күзетумен қатар қаламыздың ішкі тәртібін қорғау жолында аянбай тер төгіп, қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
Осынау салтанатты жиын барысында ұлдары сарбаз атанып, Отан алдындағы борышына кіріскен жауынгерлердің ата-аналарымен тілдесудің сәті туды. Солардың бірі – Мұратбек Хажбанұлы ағамыз. Оның ұлы Мустафин бүгін жас сарбаз атанды.
Әрбір ата-ана үшін баласының ат жалын тартып мініп азамат болуы - абырой. Бүгін біздің ұлымыз Мұстафин Мұратбекұлы Отанын қорғауға ант берді. Антына адал болып үлкен азамат болуына тілектеспін.Оның ұстіне ұлымның Қостанай қаласындағы Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінде борышын өтеуі, біз үшін үлкен мақтаныш,- дейді Мұратбек ағамыз.