Қостанайда қарлы боран: құтқарушылар қызу жұмысқа кірісті

2 Қаңтар 2025, 11:40
392
Бөлісу:
Қостанайда қарлы боран: құтқарушылар қызу жұмысқа кірісті
Фото: ТЖМ

2025 жылғы 2 қаңтарда Қостанай облысында ауа райының қолайсыздығы орын алды. Облыста қарлы боран мен үскірік аяз жүруде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қостанайлық құтқарушылар қиын жағдайға тап болған азаматтарға дереу қол ұшын созуда.

Мәселен, ТЖМ қызметкерлері іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтады. Жангелді ауданы Шұбалаң ауылынан 1974 жылы туған ер адам мал бағуға шығып, қайтып оралмаған. Мазасызданған туыстары құтқарушылардан көмек сұрады.

Іздеу жұмыстарына құтқарушылармен бірге полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысты. Бірелскен күштердің көмегімен малшы ауылдан 10 шақырым жерден табылды. Ол бағдарынан айырылып, қатты боран жағдайында адасып кеткен екен,- делінген ведомство ақпаратында.

Ал, Қарасу ауданында жедел жәрдем науқасқа жете алмаған. Ауа-райының нашарлап, қатты боран салдарынан жол болмай, Новоселовка ауылына 1966 жылы туған әйелге көмек көрсету үшін жедел жәрдем автокөлігі шақыртуға шыға алмай қалған.

Ақ халаттылар ТЖМ құтқарушыларының көмегіне жүгініп, олар өз орнына жол талғамайтын арнайы көлікпен жолға аттанды. Осылайша жолдың күрделі учаскесін аман-есен еңсере отырып, құтқарушылар ауыр науқасты ауруханаға жеткізді, деді ТЖМ баспасөз қызметі

Өзгелердің жаңалығы