Кірпіштен арзан, құрылысқа қолайлы. Қостанайда кірпіштен арзан, құрылысқа қолайлы газоблок өндіретін зауыты іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Кәсіпорын бір жылда құрылысқа қажетті 75 мың текше метр материал шығарады. Өнім бірнеше талап бойынша, жоғары сапасын дәлелдеген. Енді шетел нарығын бағындыру жоспарда бар. Газоблок материалы құм, әк және цемент қоспасынан алынады. Бұл зауытта тәулігіне 180 текше метр құрылыс материалы шығарылады. Газоблоктар ғимараттар үшін тіреуіш, арақабырға және тақта ретінде қолданылады.
Зауыттың жылдық өнім қуаты 75 мың текше метрге жетеді. Пайдаланатын шикізатымыз отандық. Газоблоктың берік және жеңіл түрі бар. Оның көмегімен 5-7 қабатты үй құрылысын жүзеге асыруға болады, - дейді «QAZ BUILD KST» директорының орынбасары Виктор Счастливый.
Қостанайлық газоблок құрылыс компаниялары үшін айтарлықтай үнем. Бұрын кірпіштен қымбатқа түсетін материал енді 25-30 процентке дейін арзан.
Былтыр Ресейден газоблоктың бір текше метрін 48 мың теңгеден алатынбыз. Оған қоса логистика, жеткізу құны бар дегендей. Бұдан былай рубльге тәуелді болмаймыз, - дейді «БК-Строй» құрылыс компаниясының құрылтайшысы Олег Ким.
Өндірістегі сапа қатаң бақылауда. Әрбір дайын газоблок 40-қа тарта көрсеткіш бойынша сәйкес келуі тиіс.
Біздің өндіріс қалдықсыз. Газоблоктың пішінінде, құрамында ақау табылып жатса, оны уатқыш цехына жіберіп қайтадан өндірісте пайдаланамыз, - дейді «QAZ BUILD KST» бас технологі Евгений Улеев.
Облыс бойынша тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Былтыр 450 шаршы метр баспана салынса, биыл бұл көрсеткіш жарты миллионға жеткізіледі.
Бетон жетеді, ал кірпіш және газоблок зауыттары керек. Сондықтан біз инвесторларды іздейтін боламыз. Табылатын шығар деп ойлаймын және инвесторларға өзінің ойларын орындау үшін көмекті біз жан-жағынан жасайтын боламыз,- деп мәлімдеді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Тұтастай алғанда осындай жаңа өндіріс нысанының ашылуы облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді деп жоспарланған.