Қостанай сотында бірнеше лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" ММ бөлім басшысы, "Пешков арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" КММ директоры, сондай-ақ "Забота" жеке пансионатының басшысы сотқа тартылды.
2021 жылдың 8 желтоқсанынан 2023 жылдың 5 сәуіріне дейінгі кезеңде тіркелген сот материалдарына сәйкес, жәбірленуші М-ның материалдық және өзге де тәуелділігін пайдалана отырып Ж., А. және Б. психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамды пайдалану мақсатында оны Қостанай облысы Федоров ауданы Пешковка ауылында орналасқан "Пешков арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" КММ-ден Астана қаласына заңсыз апарып, онда оны "Забота" жеке пансионатында тегін жұмыс күші ретінде пайдаланған, - делінген сот хабарламасында.
Сотталушылардың қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәларын толығымен мойындамағаны нақтыланады. Нәтижесінде жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің басшысына 8 жыл, Пешков орталығының директорына 6 жыл 7 ай, жекеменшік пансионаттың басшысы 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.