Бүгін Қостанай облысында ауылдық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдеріне арналған тренингтер басталды. Бағдарлама "Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту" жобасы аясында өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды. Мақсат – ауылдық ҮЕҰ-дың кәсіби деңгейі мен ұйымдық әлеуетін арттыру, жергілікті бастамашыл топтардың қоғам дамуына белсенді қатысуына жағдай жасау.
Сабақтар әлеуметтік кәсіпкерлік, коммуникация және стратегиялық жоспарлау бағыттарында жүргізілуде. Қатысушылар ұйымды дамыту стратегиясын әзірлеу, медиа кеңістікте жұмыс істеу, әлеуметтік жобаларды ілгерілету, имидж қалыптастыру, ресурстар тарту және мемлекеттік, бизнес құрылымдармен әріптестік орнату дағдыларын меңгереді.
Биыл кемінде 70 ауылдық ҮЕҰ оқытудан өтеді. Бағдарлама жуырда Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жалғасады.