Қостанайда алғашқы автокомпоненттер шығаратын зауыт салынып жатыр

18 Ақпан 2025, 17:45
252
Бөлісу:
Қостанайда  алғашқы автокомпоненттер шығаратын зауыт салынып жатыр
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Қостанай облысы Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмасын жүзеге асырып, үш негізгі экономикалық бағыт бойынша дамып келеді: машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Өңірдің басым бағыттарының бірі – автомобиль жасау мен автокомпоненттер өндірісін қамтитын машина жасау саласын дамыту, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Бүгінде Қостанай облысында төрт ірі машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді, олар жеңіл, жүк және ауыл шаруашылығы техникасын шығарады. Төртінші зауыт 2024 жылдың күзіне қарай іске қосылды. Өңірдің өнеркәсіптік дамуы аясында 2025 жылдың соңына дейін тағы екі жаңа зауыт ашу жоспарланған: KIA автомобиль зауыты, өндірістік қуаты жылына 70 000 автокөлікті құрайды, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады; сондай-ақ жүк көліктеріне арналған басты беріліс қораптарын шығаратын зауыт, онда 550 жаңа жұмыс орны құрылады.

Бұған қоса, 2026 жылдың басында автокомпоненттер шығаратын тағы бір зауыт ашылады. Бұл кәсіпорын өңірдің автокөлік өндірісі кешеніндегі жетінші зауыт болмақ және қазақстандық автомобиль зауыттарын қажетті бөлшектермен қамтамасыз етеді.

Автокомпоненттерді локализациялау орталығын салу импортқа тәуелділікті азайтуға және өңірдің машина жасау кластерін нығайтуға бағытталған. Жоба қазақстандық автомобиль зауыттарына отандық компоненттер жеткізуді қамтамасыз етеді.

Жобаның негізгі көрсеткіштері:

  • Инвестиция көлемі – 17,8 млрд теңге;
  • Жаңа жұмыс орындарының саны – 800;
  • Өндірістік қуаты – жылына 60 000 компонент;
  • Өндірістік аумағы – шамамен 30 000 м².

Жаңа кәсіпорында бұған дейін шетелден әкелінген мынадай компоненттер шығарылады: орындықтар, дыбыс өшіргіштер (глушитель), бамперлер, айналар, пластик кузов элементтері, электр сымдары, интерьер және экстерьер бөлшектері, автокөлік бояулары мен герметиктері.

Бүгінгі таңда өңірдің машина жасау саласында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді, ал жаңа зауыттар іске қосылғанда бұл көрсеткіш 7 500-ден асады. Автомобиль жасау, металлургия және автоматтандыру салаларында мамандарды даярлау жүріп жатыр, бұл кәсіпорындарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Автокомпоненттер зауытын іске қосу Қазақстанда автомобиль өндірісінің толық циклін құру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Өзгелердің жаңалығы