Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы» МКК-на 9 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қостанай қаласы тұрғындарының өтініші негізінде жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша, ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті «Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы» МКК-ның жылумен жабдықтау қызметтері үшін төлемді заңсыз есептеу жүргізгенін анықтады.
Осылайша, ТМРКД Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 164-бабының төртінші бөлігі бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы екі хаттама жасады. Істер Қостанай облысы Қостанай қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған сотында қаралды, онда субъектіге 9 801 600 теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім қабылданды. Шешімге аппеляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Сондай-ақ, ТМРКД «Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы» МКК-ның атына тұтынушыларға жылумен жабдықтау қызметтері үшін негізсіз есептелген сома мөлшерінде қайта есептеу туралы нұсқама енгізді.
Департамент тұрғындармен кері байланыстың ашықтығы мен айқындығы туралы хабарлайды, әрбір тұтынушы немесе мүдделі тұлға қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда, департаментке жүгіне алады.