Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы аймақта скринингтік зерттеулер жүргізуге медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелеріне 350 миллион теңгеден астам қаражат төлеген.
Биыл Қостанай облысында бұл мақсатқа 426 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қостанай облысы филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев айтты.
Тіркелген емханасындағы учаскелік мейірбике шақырған соң скринингтен өтетіндер бар. Жыл сайынғы белгіленген жасқа жеткен азаматтар емханаға өз еркімен барып қаралса болады. Облыста шалғай ауылдардағы жұртқа медициналық көмек көрсететін жылжымалы медициналық 15 кешен бар. Олардың көмегімен скринингтер, кәсіби тексерулер жүргізіліп, сондай-ақ басқа да көмек көрсетіледі, – деп атап өтті Батырбнк Нұрғалиев.
Айта кетейік, мекеме басшысы қарамағындағыларды жұмыс уақытында скринингтен өтуге рұқсат беруге тиіс. Одан қызметкердің лауазымы төмендеп, жалақысы азайтылмайды. Филиал директоры осы жөнінде тоқталып, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 87-бабы бар екенін еске салды.
Биыл 30-дан 39 жасқа дейінгі қыз-келіншектер мінез-құлықтың ауытқуы бар-жоғын білу үшін скринингтен өтеді. Ал 40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге қан қысымы, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті және глаукома сияқты сырқаттарды ерте анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырының, 40-тан 70 жасқа дейінгі ханымдар сүт безі обырының алдын алу үшін терсерілуі тиіс. 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тестінің көмегімен колоректальды обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді.