Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2,3 млрд теңге тұратын 46 жоба іске асырылады. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Үкімет отырысында айтты.
Отырыстың күн тәртібіне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалу барысы қойылған. Қостанай облысының әкімі осы бағытта атқарылып жатқан шараларға тоқталып, бағдарламаның орындалуымен таныстырды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасына облыстың 548 ауылынан 41 мыңнан астам адам тұратын 5 ауыл қатысып отыр. Барлығы аудан орталықтары. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2,3 млрд теңге тұратын 46 жоба іске асырылады. Бұлар әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, кеңшілік жолдарды орташа жөндеу бойынша жобалар. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен бүгінгі күні 2,5 млрд теңге бөлінді, артынан бюджетті қайта қарағанда қосымша тағы бөлеміз. Оған газ тарату желілері, ауызсумен қамту және жалға берілетін тұрғын үйлердің мәселелері бар», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, ол демеушілер тарапынан тартылған қаржыға ауылдарды абаттандыру, балабақшалар салу және басқа да жұмыстарға бүгінгі күні 1 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.
«Жалпы алғанда осы жылы бес ауылдық кешенді дамыту үшін 8 млрд теңге қаражат қарастырылды. Бұл ауыл халқының өмір сапасын айтарлықтай жақсартады. Индустрияландыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Федоров ауылында сүт өңдейтін зауыттың құрылысы басталады», - деді ол.