Қостанай облысында KAZ18 «Қостанай – Мамлютка» республикалық маңызы бар автожолының жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын екі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жол пайдалануға берілді.
Жөндеу жұмыстары Ұзынкөл кентінен Ершовка ауылына дейінгі 250–267-шақырымдар аралығындағы 17 шақырымды және Нечаевка кентінен Тобыл қаласына дейінгі 380–406-шақырымдар аралығындағы 26 шақырымды қамтыды.
Жұмыс барысында ескі асфальт жабыны алынып, жол негізі ресайклинг әдісімен жаңартылды. Кейін асфальттың төменгі және жоғарғы қабаттары төселіп, жол жиектері нығайтылды. Сонымен қатар жол таңбалары сызылып, жаңа жол белгілері орнатылды.
Жөндеу жұмыстарына 31 бірлік техника мен 36 маман жұмылдырылды. Сағатына 120 тонна өнім өндіретін асфальтбетон зауыты да іске қосылды.
Жаңартылған жол Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары арасындағы көлік қатынасын жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.