Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушысы мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ .
Оқиға 22 маусымға қараған түні, дәрігердің жеке демалыс уақытысында болған. Облыстық соттың шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды.
Сот отырысы кезінде азамат кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірген. Іс материалдарында медициналық куәландыру қорытындысы, оқиға орнынан бейнежазба және полиция қызметкерлерінің баяндамасы ұсынылған. Сараптама нәтижесі бойынша дәрігер жеңіл дәрежедегі мас күйінде болған.
Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл оқиғаны растап, мәлімдеме жасады.
Бас дәрігердің бұл әрекеті оның кәсіби қызметіне қатысты емес. Алайда, біз бұл жағдайды азамат тарапынан қоғамда қабылданған мінез-құлық нормаларын бұзу ретінде бағалаймыз. Сот шешімі орындалғаннан кейін қызметкермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, тиісті кадрлық шешім қабылданады, - делінген мәлімдемеде.
Басқарма әр азаматтың лауазымы мен мәртебесіне қарамастан, заң алдында тең екеніне және өз әрекеттері үшін жауап беруі тиіс екеніне ерекше назар аударды.