Астанада Қостанай мен Ақтөбе облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңкеде Қостанай облысының 14 ауданынан және 3 қаласынан 50-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынып отыр. Шаруалар елордаға 400 тонна тауар әкелді. Оның ішінде мал еті – 51 тонна, сүт өнімдері – 35, шұжық өнімдері мен ет жартылай фабрикаттар – 23, жарма мен макарон өнімдері – 30, картоп пен көкөністер – 70, ұн – 50, сондай-ақ нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, сусындар, бал және басқалары бар.
Жәрмеңкеде сүт және ет кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынды. Ал Ақтөбе облысының 12 ауданынан және Ақтөбе қаласынан 20-дан астам шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындары азық-түлік өнімдерін саудаға шығарды.
Қала тұрғындары үшін 80 тонна ет, 61 тонна картоп пен көкөніс, 30 тонна сүт, 17 мың дана жұмыртқа, 6 тонна балық, бір тонна бал, 10 тонна шұжық, 8 тонна ұн мен макарон өнімдері бар.
Айта кетейік, өнімдер орташа нарық бағасынан төмен сатылады.