Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қошанов: Белсенді азаматтар Парламентке келіп, елдің тағдырына араласа алады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
10 Қыркүйек 2025, 10:52
747
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілістің пленарлы отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдіріп, оның негізгі бағытын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бұл жолғы Жолдау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “барлық реформаның өзегі – адам” деген басты қағидатты ұстанып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Елімізде атқарылып жатқан игі істердің барлығы халық үшін және халықпен бірге жасалып жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының берік ұстанымы, – деді Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Парламенттік реформа екенін атап өтті. Президент болашақта бір палаталы Парламент жүйесіне көшу мәселесін қоғам талқысына ұсынды.

Мемлекетіміздің болашағына қатысты тағдыршешті мәселенің бәрі халықтың талқысына салынып, шешім қабылдауды халықтың өзіне беру – Президентке тән ашық басқару стилі. Бұл – азаматтардың пікірін құрметтеу және жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді, – деді Қошанов.

Оның айтуынша, бір палаталы Парламент идеясы қоғамда бұған дейін де талқыланып келген. 2022 жылғы конституциялық реформа кезінде осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды. Парламенттің рөлі айтарлықтай артты.

Сондықтан бұл бастама кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, байыпты реформалардың жалғасы ретінде қабылдануы қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.

Бұл бастама терең институционалдық реформа ретінде бағаланып, ұзақ мерзімді және бүкіл қоғамның қатысуын талап етеді. Қошановтың айтуынша, келесі жылы бұл мәселе бойынша сарапшылардың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның қатысуымен жан-жақты талқылау өтетін болады.

Осы жұмысқа барлық саяси партия белсене атсалысуы қажет. Бұл реформа Конституцияға және конституциялық заңдарға өзгерістерді қажет етеді, – деді ол.

Сөз барысында Ерлан Қошанов қазіргі таңда кез келген азаматтың елдің саяси өміріне еркін әрі тікелей араласуына мүмкіндік бар екенін атап өтті. Ауыл, аудан және қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілді. Жергілікті мәслихаттар да мажоритарлық жүйе арқылы жасақталып жатыр.

Мемлекет басшысы Жолдауда болашақтағы бір палаталы Парламентті партиялық тізіммен құруды ұсынды. Бұл қадам партиялардың рөлін және беделін арттырып, оларды биліктің мызғымас институтына айналдырады.

Белсенді азаматтар өз ұстанымы мен көзқарасына сай келетін партияға мүше болу арқылы Парламентке келіп, елдің тағдырына араласа алады. Мұндай жүйе әлемдік тәжірибеде кеңінен тараған. Сондықтан барлық фракцияны, депутаттарды осы жүйелі әрі прогрессивті реформаны қолдауға шақырамын, – деді Ерлан Қошанов.

Өзгелердің жаңалығы