Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ата заңға енгізілетін «жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы түсіндіріп берді.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі кеңесте маңызды мәселелер талқыланды. Оның бірі – Ата заңға жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы біржола бекіту. Осы норманы түсіндіріп бересіз бе? Нормаға сәйкес халық бұл байлыққа қалай иелік ете алады? – деп сұрады журналист Қошановтан.
Менің ойымша, бұл норма – әділ және дұрыс. Себебі жердің де, судың да, жердің үстіндегі де, астындағы да байлықтың иесі халық болуы керек. Сондықтан Президенттің ұсынысымен осы норма енгізілді, - деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов бұл байлықты халық қалай пайдалана алатынын түсіндіріп берді.
Мысалы, халық кен орындарын алайық. Оларды игеретін инвесторлардың, компаниялардың төлеген салығы, ашқан жұмыс орындары арқылы бюджетке қаражат түседі. Ал бюджетке түскен қаражат арқылы әлеуметтік мәселелер шешіледі. Бұл «халыққа тиесілі» дегенді дұрыс түсіну керек. Конституцияға енгізілген өзгеріс ол кен орындарының бәрін компаниялардан немесе инвесторлардан қайтадан тартып алу дегенді білдірмейді. Егер олар заңды бұзбай жұмыс істесе, онда жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Бірақ заңды бұзса, онда онымен әрине басқалар айналысады, - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ журналистер «Мемлекет латифундистерден жерді тартып ала ала ма?» деп сұрады.
Егер латифундистер жерді дұрыс пайдаланбаса, заңды бұзса, онда «тартып алу емес», заң жүзінде қайтарып алуға мүмкіндік бар. Үкіметтің отырысында министр Қарашөкеев (Ауыл шаруашылығы министрі – ред.) 5 млн га жерді мемлекетке қайтаратындары туралы баяндады. Сондықтан 5 млн га – бұл өте үлкен жер. Ол мемлекеттің меншігіне өткен соң, қарапайым қожалықтарға беріледі. Қазіргі күні үлкен мәселе – малды бағу. 90 жылдары жерлердің көбі жекенменшікке өтіп кеткен. Соның салдарынан қазір халық малын жая алмай отыр. Бұл мәселе бойынша Президент те тапсырма берген. Қазір депутаттар, әсіресе AMANAT партиясының депутаттары осы мәселемен айналысып жатыр, - деді ол.