Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп Кисловодск – Тында бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында құқық бұзушыны анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көліктегі полиция мәліметінше, Ресей Федерациясының 72 жастағы азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзды.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзу) , яғни ҚР заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Сот шешімімен ер адам 200 АЕК (690 000 тг) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1307 шетелдік азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде сот шешімі бойынша 275 шетелдік елден тысқары шығарылды. Қос азаматтығы бар 159 тұлға анықталып, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды.