Өскемен қаласы 2025 жылғы мамырда да қоғам назарында болған еді — ТМК (Түсті металлургия комбинаты) аумағында жоспардан тыс тазалау кезінде зиянды заттар ауаға таралған. Соғра ықшамауданындағы мектептер оқушыларын қашықтан оқуға жіберген. Алайда шекті рұқсат етілген концентрациялардан (ШРЕК) асу дерегі тіркелмеген.
Қорғасын, кадмий, мыс, бенз(а)пирен – атауларының өзі алаңдаушылық тудырады. Алайда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында Өскемен қаласының ауасы рұқсат етілген нормалар шегінде болған. Жоғары немесе экстремалды ластану жағдайлары тіркелмеген. Бұл ақпаратты министрлік BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап ретінде ұсынды.
Өскемен бұрыннан бері елдегі ең индустриялық жүктемесі жоғары қалалардың бірі саналады. Шығыс Қазақстан облысының экономикасы энергетика, қара және түсті металлургия, мұнай-газ, кен өндіру салаларына негізделген – бұлар қоршаған ортаға ең көп зиян келтіретін салалар.
Шығыс Қазақстан облысындағы (ШҚО) атмосфералық ауаның ластануының негізгі көздері – өнеркәсіптік кәсіпорындар, автокөлік және жеке сектор. Айналаға зиянды заттарды шығаратын I, II және III санаттағы кәсіпорындар жұмыс істейді, – деп мәлімдеді министрлік.
Ведомствоның мәліметінше, Өскемен қаласында ауаның сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қалада "Қазгидромет" РМК-ға қарасты 10 бақылау бекеті жұмыс істейді – оның бесеуі қолмен, бесеуі автоматты түрде өлшеу жүргізеді.
Барлығы 20 көрсеткіш бақыланады, олардың ішінде PM2.5 және PM10 өлшенген бөлшектер, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, азот диоксиді мен оксиді, фенол, күкіртсутек, фторлы және хлорлы сутек, формальдегид, бенз(а)пирен, хлор, күкірт қышқылы, озон және ауыр металдар – қорғасын, мырыш, кадмий, мыс, бериллий бар, – деп нақтылады министрлік.
Бұған қоса, автоматтандырылған бақылау станциялары өңірдегі 10 ірі өнеркәсіптік кәсіпорынның аумағына орнатылған. Алайда ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартысында жоғары индустриялық белсенділікке қарамастан, Өскеменде ауада экстремалды ластану дерегі тіркелмеген.
"Қазгидромет" РМК мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Өскемен қаласында ауаның жоғары немесе экстремалды ластану жағдайлары анықталған жоқ, – деп нақтылады Экология министрлігі.
Жинақталған экологиялық мәселелерді жүйелі шешу мақсатында министрлік пен облыс әкімдігі 2023–2025 жылдарға арналған "Шығыс Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасын" әзірлеп, іске асырып жатыр.
Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендетуге, табиғи және су ресурстарына техногендік қысымды азайтуға, экологиялық ахуалды жақсартуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған, – деді ведомствода.
Айта кетейік, 2025 жылғы 19 мамырда ТМК аумағында жабдықты жоспардан тыс тазалау кезінде зиянды заттардың сыртқа шығуы орын алған. Көрінетін ластану тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды. Соғра ықшамауданындағы мектептер оқушыларды қашықтан оқытуға көшірді. Алайда ішкі және тәуелсіз замер нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден асу фактісі анықталған жоқ.
Дегенмен, ШРЕК асу дерегінің болмауы – толық тыныштықтың кепілі емес. Өскемен – экологиялық жүктемесі жоғары ірі өнеркәсіптік қала болып қала бермек. Ластану қаупі әлі де бар, ал ресми есептердегі "жұмсақ" тұжырымдар шын мәніндегі жағдайды толық көрсете бермейді. Қала тұрғындары ахуалды сандардан емес, терезеден сезілетін иіспен аңғарады.