Қорғаныс саласында реформа: "Әскери резервшілер" дайындалады

Бөлісу:
Қорғаныс саласында реформа: "Әскери резервшілер" дайындалады
Фото: BAQ.KZ архив

Елімізде әскери қызметтің жаңа түрі пайда болды. Енді 2025 жылдан "резервтегі әскери адам" немесе "әскери резервші" жасақталатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс резервтегі қызмет мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл әскер құрамын толықтырудың қосымша әдісі болмақ. Сондай-ақ қажетті әскери мамандықтар бойынша резервтік күштерді дайындауға, резервшілердің тікелей әскери бөлімдерге келуіне байланысты әскери бөлімдердің даярлық мерзімін қысқартуға, жауынгерлік дайындықты арттыруға мүмкіндік береді.

Заңда оқу немесе жиын кезеңінде әскери қызметші мәртебесін алатын жаңа "әскери резервші" ұғымы енгізіледі.

Резервтік қызметті енгізу 2025 жылға жоспарланған. Осылайша әскер дайындығын жетілдіру жалғасады. Бұл тәсіл ТМД елдерінде және әлемдік деңгейде қолданылады. Қазақстанның Әскери доктринасы қорғанысқа бағытталған, сол себепті еліміз бейбіт уақытта да агрессияға тойтарыс беріп, қажет болған жағдайда мемлекеттің аумақтық тұтастығын қорғауға қабілетті жауынгерлік армияны қалыптастырады.

Бастапқы кезеңде Қорғаныс министрлігі еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық ерікті жинауды жоспарлап отыр. Болашақта әскерге шақыру әскер қажеттілігіне байланысты реттеледі.

"Әскери сала - әлемде ең тез дамып жатқан салалардың бірі"

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым заңның негізгі мәнін түсіндірді.

Заңның басты мақсаты – еліміздің ұлттық қауіпсіздігін арттыру. Депутат елімізде әскери бюджеттің көлемі өте аз екенін айтты. Сөзінше, депутаттар қазіп оны арттыруды ақылдасып жатыр. Дегенмен депутат ешқандай ел толыққанды 100% кәсіби әскерді ұстай алмайды деген пікірде.

Мамандарды тарту бар, 50 жыл бойы қаржыландыру, тағысын тағы. Бізде әскери кафедраларды жыл сайын жүздеген адам аяқтап жатыр. Елімізде армия қатарынан зейнетке шығып жатқан азаматтар бар. Бірақ олардың біразы өте сирек кездесетін әскери мамандықтың иесі. Мысалы, снайпер, зеңбірекші. Екінші жағынан әскери сала - бүгінде әлемде ең тез дамып жатқан, инновацияға ең тез ие болып жатқан салалардың бірі. Бұл сала мамандары бірте-бірте біліктілігін арттырып, оны дәлелдеп отыруы керек. Сол себепті осындай жаңа механизм енгізіліп отыр. Ол әлемде бар жүйе, - дейді депутат.

Қорғаныс саласында реформа: "Әскери резервшілер" дайындалады
Мәжілістің баспасөз қызметі

Айдос Сарымның сөзінше, әскери ұйымдар тізіміндегі, тіпті университетті бітірген азаматтар тізімнен шыққанға дейін мобилизацияға сай және оған дайын болуы керек.

Қазақстанның Конституциясы бойынша әр азамат өзінің Отанын қорғауға, оған қызмет етуі парыз. Сол себепті әскерде қызмет етпесе де, әскери кафедраларды бітірген азаматтар біліктілігін арттырып отыруы қажет. "Біз неге тек кәсіби армия ғана ұстамаймыз"деген секілді әңгімелер айтылады. Біздің Қазақстанның шекарасын, аумағын, бәрін ескеретін болсақ, кәсіби армия ұстау үшін бізге бүгінгіден 5-6 есе көп әскери бюджет қажет болуы мүмкін, - деп түсіндірді депутат.

Резервтегі әскериге талап қандай?

Резервтегі қызмет мәселелері туралы заң Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтарына қатысты. Жұмысқа қабылдаудың басты қағидаты – оның ерікті түрде болатыны.

Резервші болғысы келетіндерге мынадай талаптар қойылады: офицерлер үшін 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін 50 жасқа дейін жас шектеуі және денсаулық жағдайына қойылатын талаптарға сай болуы керек.

Резервшілер тұрғылықты жерінде орналасқан әскери бөлімдерде дайындықтан өтеді.

Бұл ретте резервтегі қызмет толығымен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын болады. Әскери резервтегі жауынгерлерге оқу кезеңінде ең төменгі айлық жалақы, ал 30 күндік оқу-жаттығу жиыны кезінде орташа айлық жалақысы көлемінде төлемақы төленеді.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сөзінше, қыздарға тек бір ғана талап қойылады. Талап – қыздар медициналық академияны немесе мединститутты бітірсе жеткілікті.

Биылдың өзінде 2500 адам резервке шақырылады. Мысалы, заңның аясында сіздің басшыңызға хат келеді. Хатта қызметкердің жалақысын сақтай отырып, 1 айға әскери жиынға жіберу туралы жазылады. Көбіне өте сирек кездесетін мамандық иелері шақырылады. Мәселе тек соғыста ғана емес, бұл мығым азаматтардың, елінің патриот азаматтарының басын біріктіретін орта. Мысалы, су тасқыны болуы мүмкін. Былтыр жағдай қалай болғанын көрдік. Осындай жағдайда волонтер емес, әскери дайындығы бар азаматтар бригадаға жазылады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Әрине Қазақстан ешкіммен соғысқысы келмейді, соғысатын ниеті де жоқ. Бірақ біздің еліміздің қорғанысы кез келген жағдайға дайын болуы керек, - деп түсіндірді депутат.

Депутат "резервтегі әскери адам" болу бұл азаматтарға жаңа мүмкіндік беретінін айтты. Мысалы, бір ай әскери оқу-жаттығу жиынында болып келсе, жалақысы мен жұмысы сақталады, қосымша төлем беріледі. Ал жұмыссыз жүрген азаматтарға орташа жалақы төлетінеді.

Өзгелердің жаңалығы