Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Қарағанды облысына барды

17 Наурыз 2022, 07:43
1365
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Қарағанды облысына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомствосының биылғы қаңтар айында басталған «Күшіміз-бірлікте» әскери-патриоттық акциясы Қарағанды, Балқаш және Приозерск гарнизондарында жалғасты, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев басшылық еткен бұл ақпараттық-түсіндіру тобының қызметі Мемлекет басшысының әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын қолдау жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Бүгінде ол Қазақстанның барлық өңірінде өткізіліп келеді. 

Топ жұмысы барысында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне Қарулы күштер басшылығының әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін жетілдіру бойынша қабылдаған шаралар жайлы айтылды. Әскери заңгерлер көпті толғандырған сауалдарға кеңес берді. 

Гарнизондардағы іс-шараларға облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де тартылды. 

Психологтардың мобильді тобы жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын зерделеп, әскери қызметшілерге тренинг өткізді.

Әр гарнизонда Қарулы күштердің 30 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына арналған Әскери-тарихи мұражайдың тақырыптық экспозициясы ашылды. Әскери қалашықтардың тұрғындарына арнап, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымдары қойылымдар ұйымдастырылды.

Одан бөлек, Қарағандыда ақпараттық-түсіндіру тобы жылда өтетін «Айбынды әскер» акциясына қатысып, оның барысында әскерге шақырылушылардың бірінші легін әскери бөлімдерге салтанатты түрде жөнелту рәсімі өтті.

Өзгелердің жаңалығы