Қорғаныс министрі "Арыстан" лицейінің тәрбиеленушілерімен кездесті

10 Қыркүйек 2024, 12:02
353
Бөлісу:
Қорғаныс министрі "Арыстан" лицейінің тәрбиеленушілерімен кездесті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Алматыда мамандандырылған оқу орнында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов лицейдің оқу-материалдық базасымен танысып, тәрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Арыстан" мамандандырылған лицейінің бастығы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев оқу орнында жарақтандыру, бос уақытты ұйымдастыру және спорттық іс-шараларды өткізу үшін жасалып жатқан өзгерістер туралы айтып берді.

Қорғаныс министрі казармаға, оқу кабинеттеріне, атыс тиріне, бокс және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған спорт залдарында болды. Тәрбиеленушілер арасында жүзу жарысы өткен бассейнде генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Кездесуде лицейліктер Қарулы күштердің әртүрлі түрлеріндегі қызмет ерекшеліктеріне қызығушылық танытып, осы тұрғыда мамандыққа бару және офицер ретінде қалыптасу туралы сұрақтар қойды.

Қорғаныс министрі "Арыстан" лицейінің тәрбиеленушілерімен кездесті

Біздің отбасымызда әскери адам болған жоқ. Әкем мерзімді әскери қызметте болған кісі. Одан соң көп жылдар бойы ауыл шаруашылығында еңбек етті, анамыз мұғалім болып жұмыс істеді. Мен жүрек қалауымен әскери училищеге бардым. Қызметте әрдайым спортпен шұғылдануға мүмкіндік болды. Қызметті мотоатқыштар взводының командирінен бастаған уақытта генерал болам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Өз міндетімді адал орындауым және қиындықтарға мойымауым мені осы жетістіктерге жеткізді. Мен сіздерге әрдайым табанды болып, мақсаттарыңызды айқындап, спортпен шұғылдануға кеңес беремін. Сонда міндетті түрде жетістікке жетесіздер, – деді ол жас арыстандықтарға.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Отанға қызмет ету - құрметті де қасиетті парыз екенін атап өтіп, оларды Қарулы күштер қатарына қосылуға шақырды. Ол жастарға әскери институттарға түсу шарттары, лицейде оқығаннан кейін игере алатын әскери мамандықтар, оның ішінде шетелдік әскери оқу орындарында және армияда қызмет еткеннен кейінгі жеңілдіктер туралы айтып берді.

Кездесу соңында лицей тәрбиеленушілері өз күшімен дайындаған концерт беріп, естелік суретке түсті.

Өзгелердің жаңалығы