Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл ақпан айында Қордай ауданында болған қайғылы оқиға барысында қираған тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын осы айда бастау жоспарланып отыр.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарында барлығы 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 5 шаруашылық құрылыстары өртенген. Бұл орайдағы барлық жұмыс "Щивон" қайырымдылық қоры жинайтын демеушілік қаражат есебінен жүргізілетін болады.
Бүгінде өрттен зардап шеккен 39 отбасына облыстық резервтен жалпы сомасы 20,6 млн теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резервтен тұрғын үй-жайларды қалпына келтіру үшін 26 тонна арматура, 16 750 м2 жабын материалы, 400 м3 ағаш бөлінген. Ал ішінара қираған жылжымайтын мүлік нысандары демеушілік қаражат есебінен қалпына келтірілді. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қорларына 22,5 млн теңге түскен, - делінген таратылған ақпаратта.
Қазір қайтыс болған азаматтардың 9 отбасына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасыларына жалпы сомасы 8,2 млн теңгеден астам қаржының демеушілік көмегі көрсетілген.
Ал, зақымдалған көлік иелеріне төленетін өтемақы көлемі қылмыстық істерге қатысты тергеулер аяқталғаннан кейін анықталмақ.
Жалпы, 11 ақпан мен 20 наурыз аралығында зардап шеккен отбасыларға 121,6 тонна көлемде гуманитарлық көмек көрсетілген десек, олардың ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ, гигиеналық және басқа да қажетті бұйымдар бар. Қазір аудандағы ахуал тұрақты.