Қордай оқиғасына 3 жыл: Елде бейбітшілік болса, еңбек берекелі болады - аудан халқы

12 Ақпан 2023, 18:48
1675
Бөлісу:
Қордай оқиғасына 3 жыл: Елде бейбітшілік болса, еңбек берекелі болады - аудан халқы
PHOTO
Фото: автордан

Қазақстанның басты байлығы – көпұлтты халықтың татулығы мен ынтымағы, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өзара түсіністік пен сыйластық. Осы қағидаларды нығайту мақсатында Жамбыл облысындағы Қордай ауданына қарасты Масаншы және Сортөба аудандарында осыдан үш жыл бұрын болған қайғылы оқиғаларды еске алу шаралары өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Республикалық, облыстық БАҚ және телеарна журналистеріне арналған пресс-турға Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Үш жыл бұрын ауданда болған оқиға қазіргі кезде сирек еске түсіріледі, өйткені уақытпен бірге көмескіленіп барады. Зардап шеккен елді мекендер қысқа мерзімде қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта олар қалыпты тіршіліктерін көшкен, зардап шеккен ауылдар күн санап көркейіп келеді.

Сортөбе ауылдық округі Жамбыл облысындағы ең ірі округтердің бірі болып саналады – оның аумағында 25 мыңға жуық адам тұрады. Бес мектеп, үш мектепке дейінгі білім беру мекемесі, мәдениет үйі, 13 мешіт тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетіп жатыр. Ауыл халқы медициналық қызметті емханадан және 50 төсек-орындық ауруханада алуға болады. 

Сондай-ақ 30 орындық күндізгі стационар, 15 орындық перзентхана, дәріханалар бар. Алдағы уақытта елдімекеннен Достық үйін салу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығымен 90-нан астам шаруа қожалықтары айналысады.

Көршілес Масаншы ауылдық округінде жеті білім беру мекемесі, Масаншы ауылында аурухана, Күнбатыс-1 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Күнбатыс-2 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ 12 мешіт бар.

Екі ауылдық округте де мемлекеттік тілді оқытатын қазақ сыныптары мен топтары ашылған. Бір айта кетерлігі, соңғы үш жылда олардың қатары арта түскені байқалады.

Айша Идыбо жетекшілік ететін Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген этно-мәдени орталықтары бірлестігі халық арасында қыруар жұмыс атқаруда.

Баспасөз туры аясында Масаншы ауылындағы №50 әл-Фараби атындағы орта мектепте Сортөбе және Масаншы ауылдық округтеріндегі мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері арасында «Мен қазақша сөйлеймін» атты байқау өтті. Байқаудың он бір қатысушысы өздерін мемлекеттік тілде таныстырып, қазақтың мақал-мәтелдерін жетік меңгергендерін көрсетті.

Жамбыл облысы «Вынхуа» дүнген этно-мәдени орталықтары бірлестігінің жетекшісі Айша Идыбо облыстық филиалдың жұмысына тоқталып, іс-шараның маңызы жөнінде әңгімеледі. 

«Мемлекеттің арнайы бағдарламаларының арқасында аймағымызда қыруар шаруа атқарылды. Олардың игілігін күн сайын көріп жатырмыз. Қордай қазақтың қасиетті өлкелерінің бірі десек, осынау көпұлтты аймақта татулық пен достықты, ынтымақты ту етіп, ғұмыр кешіп келеміз. Алдағы уақытта да осы бірлігіміз сақтала береді деген сенімдемін. Осылайша біз өркениетке қадам басып, дамудың даңғыл жолына шет қалмаймыз. Бейбітшіліктің таңы күлімдеп тұрғанда, еңбектің де бағы жанаады», - деді Айша Идыбо.

Осы күні Сортөбе мәдениет үйінің фойесінде қонақтарға «Вынхуа» дүңген этномәдени орталықтарының көрмесі ұсынылды. Онда дәстүрлі дүнген киімдері, той көйлектері, зергерлік бұйымдар, тұрмыстық заттар көпшіліктің алдына тартылды. «Чунтян» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Бұл – Жамбыл облысындағы дүнген халқының мәдениетін өз қалпында дерлік танытатын жалғыз ұжым. Ұзақ жылдар бойы оның басшысы әйгілі Биянху Лугмар Биянхудың шөбересі болды.

Айша Идыбоның айтуынша, дүнгендердің қазақ жеріндегі 145 жыл өмірінде бұл халықтың мәдениеті өзге мәдениеттермен жетіліп, толыса түсті. Мысалы, дүнгендерде қалыңдықтың әшекейі – бұрын тек күмістен жасалған той тәжі бар. Онда өсімдіктер мен жануарлар бейнеленген, бірақ Қазақстанға көшуімен дүнген зергерлері мұндай бұйымдар жасау технологиясына жаңалық енгізе бастады. Ал шашу рәсімін өткізуде кейбір элементтер облыстың байырғы тұрғындарынан да алынған. Мәдениеттердің мұндай өзара әрекеттесуін қолданбалы өнерде де көруге болады. Мәселен, кесте тігу өнерінде олардың қазақ халқынан алғаны көп

«Біздің ең маңызды міндетіміз – Қазақстан халқының достығы мен келісімін, татулығы мен бірлігін жан-жақты нығайту. Мен Қазақстан Республикасының азаматы екенімді мақтан тұтамын деп үнемі айтамын. Балаларымызды, немерелерімізді осылай тәрбиелеп жатырмыз. Бізде осындай үлкен мемлекет бар, көптеген дәстүрлер, мәдениеттер бар, біз араласамыз, бір-бірімізді байытып жатырмыз және біз оны мақтан тұтуымыз керек», - дейді Айша Идыбо.

2020 жылы Жамбыл облыстық тілдерді оқыту орталығының ұстаздары Ақбота Тұрсынбекова мен Индира Тұрлығұл Сортөбеде мемлекеттік тілді үйрету курсын бастаған болатын. Олар ауылда үш айдан астам уақыт бойы үзіліссіз жұмыс істеді. Бірақ жергілікті халықтың көптеген өтініштеріне байланысты олар 2021 жылы Сортөбеге қайта оралып, жергілікті мектептерде еңбек ете бастады. Қазіргі таңда Ақбота Тұрсынбекова – Масаншы ауылындағы №12 Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектепте, Индира Тұрлығұл №1 орта мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар олар ауыл тұрғындарына арнап қазақ тілі курстарын өткізеді. Мұғалімдер өз әдістемелерін жасап шығарған, соның арқасында қазақ тілін дамытуда оң нәтижелер байқалуда.

«Күн сайын тіл үйренуге кем дегенде 20 минут жұмсасаңыз, есте сақтау қабілетіңіз жақсарады. Мен қазақ тіліндегі жаңалықтарды бірден қарауды ұсынбаймын, бұл күрделі формат. Мультфильмдерден, телебағдарламалардан – қарапайым нәрседен бастаған дұрыс. Жалпы, қазір – тіл үйренетін заман. Өз тіліңді біл, сосын өзге тілді үйрен. «Жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл» деп халқымыз бекер айтпаған, – деп кеңес береді Ақбота Тұрсынбекова.

Оның айтуынша, ауызша сөйлеудің 90 пайызы жиі қолданылатын 300-400 сөзден тұрады. Адамның күнделікті деңгейде сөйлеуі үшін оған осы лексикалық жиынтық жеткілікті. Ол сын есімдерді, сан есімдерді және әртүрлі тілдік құрылымдарды қамтиды.

Баспасөз туры халықпен кездесумен жалғасты. Сортөбе ауылдық мәдениет үйінде ашық диалог алаңы өтті. «Бейбітшілік пен келісім – Тәуелсіздігіміздің негізі» тақырыбындағы шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, республикалық және облыстық БАҚ өкілдері белсене атсалысты.

Имамдар үйінде өткен шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, мешіт имамдары, учаскелік полиция инспекторлары, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ҚМДБ-ның бөлім меңгерушілері қатысты.

Қордай оқиғасына 3 жыл: Елде бейбітшілік болса, еңбек берекелі болады - аудан халқы

Мәншүк Мәметова атындағы №17 орта мектепте Масаншы, Сортөбе, Қарасу, Степное, Сарыбұлақ, Қайнар, Қарасай батыр, Жамбыл ауылдарының жастары арасында достық спартакиадасы ұйымдастырылды. Командалар армрестлинг, асық ату және волейболдан сынға түсті.

Баспасөз туры Еркін Үйсімбаев, Дамира Сүгірбай, Масаншы ауылдық округі әкімінің орынбасары Хусейн Буларов, жергілікті ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысқан Масаншы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесумен аяқталды.

Еркін Үйсімбаев облыстың және Қордай ауданының қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективаларына тоқталды. Ол қақтығыс кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналған шаралар жыл сайын ақпан айында өткізілетінін атап өтті.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров Масаншы ауылдық округінде болып жатқан өзгерістерге, дүнген этносы өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне тоқталды. Ардагердің айтуынша, кейбір имамдар қазақ, дүнген және орыс тілдерінде үш тілде уағыз оқып үлгерген.

«Бір отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің береке-бірлігінің негізі – тек достық пейіл екенін өңірде болып жатқан оқиғалар айқын көрсетті. Сондықтан да біз кейінгі буынды мейірімділікке, сыйластыққа, қазақ халқына деген құрметке баулып жатырмыз. Біз осы арқылы мәдениетімізді, құндықтарымызды сақтайтынымызға көзіміз жетті. Енді келеңсіз оқиғалар қайталанбауын тілейміз», - деп ағынан жарылды Дыдыр Двумаров.

Өзгелердің жаңалығы