Қоқысты күнкөріске айналдырғандар көбейіп жатыр

30 Желтоқсан 2022, 11:28
1048
Бөлісу:
Қоқысты күнкөріске айналдырғандар көбейіп жатыр

Бұл туралы қайта өңделетін «қоқысты» жинау және оған екінші өмір сыйлаумен айналысатын LS Astana компаниясының директоры Айжан Мырзағалиева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстанда 4 филиалымыз бар. Бастысы – Көкшетауда, компанияға 18 жыл болды. Бас директорымыз Сергей Лучинский қазір үлкен бизнеске айналған бұл істі кезінде хобби ретінде бастаған. Филиалдың Астанада ашылғанына 8 жыл болды. Алматыда ашылған жаңа филиалымыз бір жылға жуық уақыт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Петропавлда ПЭТ бөтелкелерді өңдейтін өз өндірісіміз бар, - деді директор.

Қоқысты күнкөріске айналдырғандар көбейіп жатыр

Айжан Мырзағалиева компанияның қайта өңделетін заттарды жинау үшін сауда орталықтары, базарлар, желілік және азық-түлік дүкендерімен жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар, базаға күніне бірнеше мәрте келіп, қайта өңделетін заттарды тапсыруды кәсіпке айналдырғандар да бар. Оның бірі Астана қаласының тұрғыны – Данияр.

Қоқысты күнкөріске айналдырғандар көбейіп жатыр

Осында күніне 3-4 рет келемін. Қайта өңделетін заттарды тапсырып жүргеніме 4 жыл болды. Өзімнің клиенттерім бар. Олардан картон, макулатура, целлофан, ПЭТ-бөтелке, канистра жинап тапсырамын. Осымен күн көремін. Дүкендерге, қоймаларға барамын, қалада жинаймын. Қазір адамдар картон, целлофан ақша екенін біледі, бет алды лақтырмайды. Жылдан жылға бәсекелестік артып, қиындап барады, - дейді ол.

Қайта өңделетін заттарды көбінесе аула сыпырушылар тапсыратын көрінеді. Ал қарапайым адамдар қайта өңделетін заттарды жай ғана қоқыс деп қабылдайтынын жеткізді Айжан Мырзағалиева. Бірақ компания директоры қоқысқа тасталып, полигонға барған картон, целлофан, бөтелке сияқты заттар көбіне қайта өңдеуге келмей қалатынын айтты. Сондай-ақ ол компанияның нақты қандай заттарды қабылдайтынына тоқталды.              

Біз шынымен айналысамыз. Оны Қазақстанның қайта шыны жасап шығатын фабрикаларына өткіземіз. Сонымен қатар, энергетикалық және басқа да сусындардан, сырадан қалған аллюминий банкаларын қабылдап, оны престейміз. Канистрлерді, тұрмыстық химиядан қалған пластик ыдыстарды, полиэтиленнің бірнеше түрлерін, картонды қабылдаймыз. Ал бізге әкелінген макулатура, яғни А4 қағаз бен газет-журналдардан «Карина» майлықтары мен дәретхана қағаздары жасалады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы