Алматыда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған ірі зауыт құрылысына дайындық жүріп жатыр. Құны 145 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қоқыс өңдеп, бір мезгілде электр энергиясын шығара алады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметке сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесу өткізді.
Үкіметтің баспасөз қызметі
Қоқыстан электр энергиясы алынады
Кездесуде Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясы арасында қол қойылған инвестициялық келісімге сәйкес осы жылдың мамыр айында 145 млрд теңгелік инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастаған болатын.
Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатқанын хабарлады. Қуаты тәулігіне 2 мың тоннаға дейінгі қалдықтарды қайта өңдеуге жететін кәсіпорын 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады, көмір қышқыл (CO2) газының қалдықтарын жылына 200 мың тоннаға дейін қысқартып, жыл сайын қоқыс полигоны аумағының шамамен 800 мың текше метр көлемін босата алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 жұмыс орнын және іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударатынын атап өтті. Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасайтыны атап өтілді.
Басқа өңірлерде де осындай жобалар жүзеге асуы мүмкін
Кездесу барысында Қазақстанның басқа да өңірлерінде осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне және басқа да жауапты мемлекеттік органдарға компаниямен шұғыл түрде ынтымақтастықтың барлық аспектілерін зерделеуді және бір ай ішінде Қазақстанның бірқатар ірі қаласында қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі зауыттар салу туралы келісімге қол қоюға дайындауды тапсырды.
Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және басқа да қалаларда қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салу мәселесін пысықтауда.